Млечин Берлиндегі сапар кезінде Тоқаевтың Германия канцлері Олаф Шольцке айтқан сөзін еске салды:
– Қазақстан "анти-Ресей" емес. Біз Ресеймен жан-жақты ынтымақтастықты ұстанамыз. Бұл – әлемдегі ең ұзын шекарамен байланысып жатқан көрші ел, – деген болатын Тоқаев.
Саяси сарапшы Андрей Выползов та Астанада өткен кездесулердің бірінде Ресей президенті Владимир Путиннің сөзін мысалға келтірді:
– Біз – одақтастармыз, стратегиялық әріптеспіз. Ынтымақтастығымызда түбегейлі қайшылық немесе күрделі мәселе жоқ, – деген еді Путин.
Выползовтың айтуынша, Тоқаевтың Қазақстандағы орыс тіліне қатысты ұстанымы да айқын:
– Кімге қалай ыңғайлы – солай сөйлесін. Қазір жастар мемлекеттік тілді де, орыс тілін де, ағылшын мен басқа да тілдерді меңгерген. Бұл – жақсы үрдіс, – деген болатын президент былтырғы сөзінде.
Сарапшы сондай-ақ Тоқаевтың "Қазақстанда ешкімге қай тілде сөйлейтінін мәжбүрлеуге болмайды" деген сөзін де еске салды.
"Саяси сарапшылар тобының" жетекшісі Константин Калачев Қазақстан сыртқы саясатты ұлттық мүддеге сай жүргізіп отырған тәуелсіз мемлекет екенін атап өтті:
– Көпвекторлы саясат – одақтастықтан бас тарту емес. Көлеңкеден кесір іздеудің қажеті жоқ. Ресей мен Қазақстан арасындағы қатынас – тең құқықты серіктестік. Бұл сөз жүзінде емес, нақты жобалар арқылы дәлелденіп отыр. Өйткені Тоқаев – сенімді одақтас әрі серіктес, – деді Калачев.
Ал Андрей Выползов интернетте арагідік жарияланатын Астананы "одақтас бағыттан тайды" деп айыптайтын материалдарға қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, мұндай кінәлаулар шындыққа жанаспайды.