Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба жұртты дүр сілкіндірді. Асиямның айтуынша, күйеуі есірткіге тәуелді, бұрыннан агрессивті мінез көрсетіп жүрген. Сол күні ол әйелінің мұрнын сындырып, құлағына зақым келтірген. Салдарынан Асиям есту қабілетінен айырылған.
Ол жарақат алған соң, күйеуі не болғанын видеоға түсіріп, әйелін кінәлап айқайлаған. Видео өте ауыр кадрлардан тұрады, әлсіз адамдарға көруге кеңес берілмейді.
«Менің туыстарым жоқ. Қайын енем сол күні бізден қашып кетті, мені есінен адасқан ұлымен жалғыз қалдырды. Қашып құтылуға мектептен танитын таныстарым көмектесті. Қазір ауруханада жатырмын», — дейді Асиям.
Qumash Telegram-арнасының хабарлауынша, Асиям полицияға шағым түсірген. Алайда оның айтуынша, тергеуші күдіктіні ұстау тек сот-медициналық сараптама нәтижесі шыққан соң ғана мүмкін болатынын айтқан.
Алматы облыстық полиция департаменті бұл жағдайды растады:
«Дене жарақаты фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу аясында барлық қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр. Қорытынды шешім сараптама нәтижесі бойынша қабылданады»,
— делінген ресми мәлімдемеде.
Оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Желі қолданушылары қылмыскерді дереу әрі қатаң жазалауды талап етіп, қолдаусыз қалған әйелдердің қауіпсіздігіне назар аударуда.
Бұған дейін Айзат Жұманованың да күйеуінің қолынан азапталып, қаза тапқаны туралы хабарлағанбыз.