Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астанада ішінде балалары бар үйді бұзбақ болған

Астанадағы Best Stroy құрылыс компаниясы жеке тұрғын үйді заңсыз бұзып, орынын тазалауға әрекеттенді деп айыпталуда.

Астанада ішінде балалары бар үйді бұзбақ болған
Фото: bureau.kz

Оқиға 9 шілде күні «Садовод-3» саяжай алқабында (Нажімеденов пен Азербаев көшелерінің маңы, нақты мекенжайы – Мичурин көшесі, 2-үй) болған. Бұл туралы жер даулары бойынша маманданған заңгер Жанібек Башанов Facebook парақшасында жазды. Жүктелген видеодан үйдің шатыры бұзыла бастағаны, бірақ сүру жұмыстары уақытында тоқтатылғаны көрінеді.

Заңгердің айтуынша, сүру жұмысы үй иелері — Асқар Байсеркеев пен Гүлмира Тлеубаева үйде болмаған кезде басталған.

«Ең сорақысы — үйде ересектер болмаған, ішінде екі кішкентай бала ғана болған! Елестетіп көріңіз, балалар өз көздерімен үй шатырын бұзып жатқанын көрген. Бұл – үлкен психологиялық соққы. Ең бастысы — үйді сүруге қатысты сот шешімі жоқ. Үй иесі мен құрылыс компаниясының арасындағы сот дауы әлі аяқталмаған. Яғни заңды күтпестен, компания күшке салып, дөрекі, адамгершілікке жат әрекетке барған», — деді заңгер.

Сонымен қатар, сот орындаушы отбасыға 10 шілдеге дейін үйден мәжбүрлі көшіру туралы хабарлама жіберген.

Астана әкімдігі BAQ.KZ порталына берген жауабында 10 шілдеде оқиға орнына тиісті мамандар барғанын хабарлады. Қазіргі кезде үйді сүру жұмысы тоқтатылған.

«Тексеру қорытындысы бойынша “Шар Құрылыс” нысанындағы жұмыстар уақытша тоқтатылды. Әкімдік құрылыс нысанын қадағалау басқармасына (ГАСК) ресми хат жолдап, заңбұзушылықтарды тексеруді сұрады», — делінген әкімдік мәліметінде.

Қазір бұл іске қатысты құрылысшылар мен сот орындаушылардың әрекеттері заңдылық тұрғысынан тексеріліп жатыр.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату