Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Куәгерлердің айтуынша, әйел қыздың артынан келіп, шашынан тартып жерге құлатқан. Жасөспірім түрлі жарақаттар алған.
«Қорқыныштысы — бұл полиция бөлімшесінің тура қарсысында болды, қаланың дәл ортасында. Айналада ересектер көп болған, бірақ ешкім араша түспеген. Ешкім жақындап көмек көрсетпеген», — деп жазылған @ne_molchi_pvl парақшасында.
Оқиғаға қатысты Павлодар облысының балалар құқығы жөніндегі уәкілі Сауле Шакенова пікір білдірді. Оның айтуынша, 2025 жылдың 11 шілдесінде көшеде жасөспірімге дене жарақатын келтірген әйелдің жеке басын полиция жылдам анықтаған.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 109-1-бабы, 2-бөлігі бойынша іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жәбірленуші қызға психолог көмегі ұсынылды. Алайда оның айтуынша, өзін жақсы сезінеді, ал отбасындағы қамқорлық пен сүйіспеншілік – ол үшін ең жақсы қолдау», — деді Шакенова.