Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Солтүстікке көшсе, үй де, жұмыс та уәде етіледі, бірақ оңтүстіктен барғысы келетіндер аз. Неге?

2025 жылғы 1 шілдеге дейін ерікті көші-қон бағдарламасы аясында небәрі 2 202 адам жаңа мекенге қоныс аударған. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10 мың адамға жеткізу жоспарланған.

Солтүстікке көшсе, үй де, жұмыс та уәде етіледі, бірақ оңтүстіктен барғысы келетіндер аз. Неге?
Фото: Орда

Еңбек министрлігінің дерегінше, көшкендердің көбі — қандастар: 1 091 этникалық қазақ Өзбекстан, Моңғолия, Қытай және Ресейден келген. Қалған 1 111 адам — Қазақстанның еңбек күші артық оңтүстік өңірлеріненкелген отбасылар.

Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға көпшіліктің құлықсыздығының бірнеше себебі бар. Біріншіден, адамдарды қатты суық климат пен шалғай ауылдардағы инфрақұрылымның жоқтығы шошытады. Екіншіден, тұрақты жұмыс табу — үлкен мәселе: еңбекке жарамды 790 адамның ішінде тек 374-і ғана тұрақты жұмысқа орналасқан, өзгелері әлі де жұмыс іздеп жүр немесе қайта оқып жатыр.

Мемлекет көшіп келгендерге мынадай қолдау ұсынады:

▪️ Көшуге арналған бір реттік субсидия — әр отбасы мүшесіне 70 АЕК (шамамен 275 мың теңге);
▪️ Тұрғын үй жалдау мен коммуналдық қызметке бір жыл бойы ай сайын 15–30 АЕК (яғни 58–117 мың теңге) төленеді;
▪️ Жұмысқа орналасуға және кәсіп бастауға көмектеседі;
▪️ Экономикалық мобильдік сертификаты — үй салуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасын төлеуге арналған мемлекеттік төлем.

Жұмыс берушілерге де ынталандыру қарастырылған: егер олар көшіп келген адамға тұратын үй беріп, кемі екі жыл жұмыс орнын сақтаса, әр қызметкер үшін 400 АЕК-ке дейін (1,5 млн теңгеден астам) қаржы ала алады.

Соған қарамастан, солтүстікте жұмыс күші әлі де тапшы, ал оңтүстікте халық тым тығыз орналасқан. Қазір көшуге тек ең батылдар ғана бел буып отыр — олар мемлекет уәде еткен қолдау қиындықтардың орнын толтырады және жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді деп сенеді.

Алдыңғы зерттеулерімізде теріскейге көшіп барғандардың өзі көп тұрақтамайтыны туралы айтқан болатынбыз.
Тілшімізге берген сұхбатта Қостанай облысындағы қоғам белсендісі көшіп келушілерге мал және өсімдік шаруашылығын бастауға арнайы көмек көрсетілсе, бұл жоба әлдеқайда тиімді болар еді, - деген ұсыныс айтқан еді. 

 

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату