Еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлердегі тұрғындар саны азайып барады.
Бұл туралы «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында төраға мәлім еткен болатын.
2024 жылы ішкі көші-қон процесі күшейіп, оған 1,5 миллионнан астам адам қатысқан.
Алайда көші-қонның негізгі бағыты мегаполистер болып отыр. Мәселен, Астанаға тұрақты тұруға 151 мың адам, Алматыға – 129 мың адам, Шымкентке – 687 мың адам келген.
Солтүстік өңірлерде халық саны азайып, қазақ мектептерінің жабылу қаупі туындап отыр. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында жұмыс күші жетіспейді. Ал оңтүстік өңірлерде керісінше, халық саны артып, жұмыс орындары тапшылығы байқалады. Көші-қон арқылы бұл мәселелерді шешу жоспарланған.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева: "Аймақтар арасындағы теңгерімсіздікті жою бағдарламалары қаражат тұрғындар тығыз орналасқан өңірлерді дамытуға құйылатындай етіп жасалған. Сондықтан Қазақстанның Солтүстік және Шығыс аймақтарында инфрақұрылым әлдеқайда аз дамыған. Сол себепті Оңтүстіктен Солтүстікке көшіп барған азаматтар қолайсыз жағдайға тап болып, қайтадан көшіп кетіп жатады. Осылайша, «тұйық шеңберге» тап болып отырмыз: жолдар, мектептер, ауруханалар мен қолжетімді тұрғын үйлер болмаған соң, адамдар көшіп баруға құлықсыз. Ал халық саны артпаса, инфрақұрылым дамымайды", – деді ол.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы бес жыл ішінде оңтүстіктен 348 отбасы солтүстікке қоныс аударған. Алайда, қайта көшіп кетіп жатқандары да баршылық.
Аталған бағдарламаға қатысушыларға мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары қарастырылған. Қоныс аударған әрбір отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде біржолғы төлем беріледі. Тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын өтеу үшін, елді мекенге қарай 15-тен 30 АЕК-ке дейін жәрдемақы қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан тұрғын үй сатып алу үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Бірақ үй бағасының 50%-ы қоныс аударушының шотында болуы керек.
Қостанай облысы Жангелдин ауданы Милісай ауылының тұрғыны Толқын Наурызқызы аталған бағдарлама бойынша отбасыларды теріскейге көшіріп әкелуге ерікті түрде қатысқан. Қоғам белсендісі солтүстікке қоныс аударатын отбасылардың көпшілігі материалдық қиындыққа тап болатынын айтады:
"Қоныс аударушылардың басым бөлігі қаржылық қиындыққа тап болып, тығырыққа тірелгендер. Әсіресе, ауылдық жерлерге келгендер үшін жағдай күрделі. Үйдің жарты ақшасын мемлекет төлегенімен, қалған соманы жабуға олардың мүмкіндіктері бола бермейді. Әрине, бұл жақсы мүмкіндік, алайда, үй құнының жарты ақшасын сол сәтте табу оңай емес. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде мектептен басқа салаларда жұмыс табу оңай емес", - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, жергілікті халықпен қарым-қатынас орнату, ауа райына бейімделу де көшіп келгендер үшін қандай да бір қиындық тудырады.
Еңбек нарығының құрылымына байланысты белгілі бір кедергілер бар. Солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындарының басым бөлігі ауыл шаруашылығы, өндіріс және білім саласына тиесілі. Қоныс аударушылардың барлығы өз мамандықтары бойынша немесе мемлекет ұйымдастырған қосымша оқыту бағдарламалары бойынша да жұмыс істей алмайды.
Осы тұста Толқын Наурызқызы ауыл шаруашылығын дамытуға көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтады:
"Солтүстік өңірлер ауыл шаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Егер көшіп келушілерге мал және өсімдік шаруашылығын бастауға арнайы көмек көрсетілсе, бұл жоба әлдеқайда тиімді болар еді. Бос жатқан жерлер көп, оны тиімді пайдалануға мүмкіндік жасау керек",-дейді ол.
Қазіргі таңда қоныс аударушылардың ауыл шаруашылығымен айналысуына арнайы жеңілдетілген несие немесе субсидиялар қарастырылмаған. Бұл мәселе шешілсе, көшіп келушілердің тұрақтап қалу ықтималдығы жоғары болар еді дейді Толқын Наурызқызы.
Онсыз да теріскейдің суық климаты мен жергілікті мәдениетіне үйрене алмай титықтап жүрген азаматтар осындай қиындықтарға тап болғанда қолын бір-ақ сілтеп, туған жерлеріне қайта көшіп кетіп жатқанын жасырмау керек. Бұл мемлекет үшін де үлкен шығын.
Қоныс аударушыларға мемлекеттік көмекті күшейту, экономикалық жағдайды жақсарту – бұл жобаның тиімділігін арттырудың негізгі жолдары. Әйтпесе, көшіп барған азаматтардың тұрақтамай, кейін қайта көшіп кету қаупі жоғары болып қала бермек.