Күн тәртібінде – демалушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мәселесі.
Жиында бақылау шараларын күшейту туралы шешім қабылданды – әсіресе моторлы қайық иелеріне қатысты. Санитарлық талапты бұзатын сауда орындары мен демалыс базаларына айыппұл салынады.
Абай облысының әкімдігі жағалауды жөндеуге 658 миллион теңге бөлінгенін хабарлады. Оның ішінде:
▪️ 108,9 млн теңге – жергілікті «Арбатты» жөндеуге,
▪️ 171,6 млн теңге – жаңа қоғамдық кеңістік құруға,
▪️ 107,5 млн теңге – жағалауды абаттандыруға бөлінген.
Демалушылардың қауіпсіздігі үшін қазір жағалауда құтқару бекеті, ал Қабанбай ауылында өрт сөндіру бекеті салынып жатыр. Сонымен қатар, жаңа «Алакөл» қосалқы станциясы мен электр желілерінің жобасы әзірленген. Қатты қалдықтарды өңдейтін полигон жобасы – дайындық сатысында.
Шенеуніктер жағажайдағы дәретханалар туралы да айтты:
«Биыл жағалаудағы санитарлық тораптардың саны 8-ден 18-ге дейін артпақ. Қазіргі таңда 10-ы орнатылған», – дейді әкімдік.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Алакөлдегі тәртіпсіздікке назар аударып, Үкіметке шұғыл түрде ретке келтіруді және кінәлілерді жазалауды тапсырған еді.
Кейін бұл мәселелерге жеке бақылау жасау үшін Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев пен Туризм министрі Ербол Мырзабосыновтың өңірге баратындары белгілі болды.