Қызылорда жаңа экономикалық дамуға сұранып тұр. Бұл пікірді Қызылорда облысы әкімдігі де қуаттайды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Жанабаева өңірде жүргізіліп жатқан нақты жобаларға тоқталды.
— «Қазір біз экономиканы әртараптандырудың 2025 жылға дейінгі Жол картасын жүзеге асырып жатырмыз. Оның аясында үш негізгі бағыт бар: индустрияландыру, агроөнеркәсіп және туризм. Индустриялық аймақтарда жаңа жобалар іске қосылуда – шыны зауыты, кальцийлендірілген сода шығару кешені, кірпіш пен құрылыс материалдарын өндіретін шағын кәсіпорындар. Бұдан бөлек, Сырдария өзені бойында жаңартылатын энергия көздерін игеру жобалары қолға алынуда, – дейді ол.
Ауыл шаруашылығында күріштен бөлек, жүгері, арпа, майлы дақылдар және бақша өнімдеріне басымдық беріліп отыр. Әкімдік кооперативтер құруды, су үнемдеу технологияларын енгізуді және фермерлерге жеңілдетілген қаржыландыру беруді жоспарлауда. Сонымен қатар, Қызылорда аграрлық университеті мен Қазақ агротехникалық университеті арасында агроинновацияны енгізу бойынша меморандумдар жасалған.