Алматы қаласының тұғындары өз құқықтарын біле ме? Жалпы, бүгінде халықтың құқықтық санасын арттыру үшін не істеу керек?
Бұл туралы біз құқықтанушы, заң ғылымдарының магистрі Ғазиз Мырзабектен сұрастырған едік...
– Ғазиз мырза, бүгінде Алматыда құқықтық сананы арттыру маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Бұл тақырыпқа не себепті ерекше көңіл бөлу қажет?
– Иә, өте орынды сұрақ. Құқықтық сана – бұл жай ғана заңдарды жаттап алу емес. Бұл – адамның ішкі мәдениетінің бір бөлігі, оның қоғам мен мемлекетке, айналасындағы адамдарға деген қарым-қатынасының негізі. Құқықтық сана қалыптасқан азамат заңды құрметтейді, өзінің құқығы мен міндетін біледі, әділеттілікке ұмтылады. Алматы – Қазақстандағы ең ірі қала, әлеуметтік жағынан ең күрделі аймақтардың бірі. Мұнда халық саны көп, этникалық құрамы алуан түрлі, экономикалық белсенділік жоғары. Мұндай мегаполисте заңды білмеу, құқықтық сауаттың төмендігі түрлі әлеуметтік шиеленістерге, сенімсіздікке және тіпті қауіпсіздік мәселелеріне алып келуі мүмкін. Сондықтан бұл қаланың тұрақты әрі қауіпсіз дамуы үшін әр азаматтың құқықтық сауатын арттыру – аса өзекті міндет.
– Қазіргі уақытта қала тұрғындарының құқықтық деңгейі қандай деп ойлайсыз?
– Жалпы алғанда, оң өзгерістер бар. Әсіресе жастар тарапынан құқыққа қызығушылық артып келеді. Олар енді заң тек жазалау үшін емес, қорғану, әділет іздеу, дау шешу құралы екенін түсіне бастады. Алайда, өкінішке қарай, әлі де болса қоғамда құқықтық нигилизм көрініс табады. Көп адамдар өз құқығын білмейді немесе біліп тұрса да, оны қорғауға әрекет етпейді. Кейбірі «бәрібір ештеңе өзгермейді», «үстінен шағымдансаң, өзің қиындық көресің» деген көзқараста. Бұл – қауіпті тенденция. Себебі осындай енжарлықтан заң бұзушылардың еркіндігі артады. Құқықты қорғау – тек адвокаттың немесе полицияның ғана жұмысы емес, ол әр азаматтың жеке жауапкершілігі.
– Алматыда құқықтық мәдениетті көтеру үшін не істеу керек?
– Мұнда бір емес, бірнеше параллель бағытта жұмыс істеу қажет. Біріншіден, құқықтық білім мектептен, тіпті балабақшадан басталуы керек. Балаларға қарапайым мысалдар арқылы әділеттілік, тәртіп, заңның мәнін түсіндіру қажет. Қазір қаладағы кейбір мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары, құқықтық үйірмелер, пікірсайыс клубтары бар. Бірақ олар тек бірнеше оқу орнымен шектеліп отыр. Бұны барлық оқу орындарына кеңінен енгізу керек. Екіншіден, жастармен нақты жұмыс керек. Университеттер мен колледждерде студенттерге арналған құқықтық тренингтер, интерактивті лекциялар, тәжірибелік семинарлар өткізу керек. Үшіншіден, қарапайым тұрғындарға құқықты түсіндіру форматын жеңіл әрі қолжетімді ету қажет. Заң тілі ауыр. Тұрғындар оны ұқпайды. Сондықтан Алматы әкімдігі жүргізіп жатқан «Құқықтық сауат апталығы», «Ашық әкімдік», «Құқық бұрышы» секілді жобалар өте өзекті. Әсіресе ХҚКО, емхана, базар, оқу орындарында құқықтық кеңес беретін бұрыштар ашу – жақсы тәжірибе. Мұндай жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс. Мысалы, әрбір ауданда құқықтық мобильді қабылдау пункттері болса, оған халық өз сұрағымен барып, нақты заңгерден кеңес алса – бұл адамдардың сенімін арттырады.
– Алматы әкімдігінің осы бағыттағы жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Шын айту керек, соңғы жылдары Алматы қаласы әкімдігі құқықтық мәдениетті қалыптастыру бойынша біраз бастама көтерді. Атап айтқанда, қалада «Парасат жолы», «Адалдық алаңы», «Qogamdyq kelisim» орталығы сияқты жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл орталықтарда халықпен тікелей жұмыс жасайтын медиаторлар, заңгерлер, кеңесшілер бар. Олар дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге, азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетуге арналған. Сонымен қатар, «Open Almaty» платформасы, «Smart Qala» мобильді қосымшасы сияқты цифрлық сервистер арқылы тұрғындар заңсыз әрекеттер туралы шағым жібере алады. Бұл – заң үстемдігі мен ашықтыққа бастайтын нақты қадамдар. Тағы бір ерекше атап өтетін жайт – қала әкімдігі жастарға ерекше көңіл бөліп отыр. Жастар ресурстық орталықтары мен ЖОО-лармен бірлесіп, заң тақырыбындағы пікірталастар, құқықтық ойындар, әлеуметтік роликтер түсірілуде. Қазірдің өзінде құқықтық түсіндіру бойынша дайындалған бейнероликтер, Telegram-арналар, инфографика материалдар халыққа кеңінен таралуда. Бірақ бұл жеткілікті ме? Жоқ. Себебі құқықтық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Бұл – үздіксіз тәрбие, үздіксіз жұмыс. Әкімдік те, полиция да, қоғам да бірге жұмыс істеуі қажет. Жеке бастама, жеке науқанмен ештеңе өзгермейді.