Іс материалдарына сүйенсек, оқиға биыл сәуір айында болған. Қарағанды облысы Нұра ауданының тұрғыны әлеуметтік желіде бүйрегін 15 миллион теңгеге сататынын жариялап, хабарландыру қалдырған. Біраз уақыттан соң оған Ақтөбе қаласынан ұсыныс түсіп, екі тарап келісімге келген. Кейін ол медициналық тексерістен өтуге келісіп, Ақтөбеге жол тартады. Қалаға жеткен соң тапсырыс беруші ұсынған пәтерге жайғасып, тексеруден өтеді.
Ақыры келісілген сома — 7,5 миллион теңгені алып жатқан сәтінде оны құқық қорғаушылар ұстаған. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу») және 116-бабы 1-бөлігі («Адам ағзаларын заңсыз алу») бойынша іс қозғалды.
Бірақ сотталушы Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілікті. Сот оның әрекеті аталған рақымшылық актісіне сай келетінін айтып, істі тоқтатты.
— Сотталушы Қылмыстық кодекстің 78-бабы 2-бөлігіне сәйкес рақымшылыққа ілініп, қылмыстық жауапкершіліктен босатылсын. Іс жүргізу ҚПК-нің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағы негізінде тоқтатылсын. Бұлтартпау шарасы ретінде қолданылған қамау жойылсын, — деді судья Аян Кусаев.
Айта кетейік, бұған дейін де Атырауда 27 жастағы азамат бүйрегін сатпақ болғаны үшін сотталған. Ол жазасын бас бостандығынан айырмай өтеп жүр.