Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

«Көме алмадым»: Қарлығаштың ұясын қорғаған жұмысшы жұмыстан кетті

Атырау мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы құрылыс алаңында адам мен табиғаттың үнсіз шайқасы болды. Газ құбырын тарту кезінде жұмысшы Асқар Иманғали техникасын тоқтатып, топырақ астында тірідей қалғалы тұрған қарлығаш балапандарын құтқармақ болды. Бірақ оны ешкім тыңдамады.

«Көме алмадым»: Қарлығаштың ұясын қорғаған жұмысшы жұмыстан кетті
Фото: видеодан кадр

Асқар экскаватормен жұмыс істеп жүріп, бұрынғы траншея ішінде қарлығаштың ұяларын байқап қалған. Ұя ішінде шырылдап жатқан көптеген балапан мен енді жарып шығатын жұмыртқалар. «Ол жерді көміп тастауға қолым  бармады. Бұл — тіршілік иесі. Жұмыстан қуып жіберсе де көмей алмаймын», – дейді ол түсірген видеосында.

Ол құстарды құтқару үшін басшылыққа видео жіберіп, бұрын Теңіз кен орнында шетелдік мердігерлер де дәл осындай жағдайда жұмысты балапандар ұядан ұшқанша тоқтатқанын еске салған. Алайда бұл жолы техникалар тоқтамады. Келесі күні ұя бар траншея көміліп, Асқар басқа операторға орнын босатып берген.

Кейінірек ол Telegram-дағы Qumash арнасына сол ұяның ақыры көмілгенін, содан кейін қатты күйзеліп, ауырып қалғанын айтқан. Осы оқиғадан соң Асқар Иманғали жұмыстан өз еркімен кеткен.

Бұл жайт әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Көпшілік табиғатқа деген аяусыздыққа наразы. «Экологияны қорғаймыз дейміз, ал тірі балапанды тірідей көмеміз. Сонда қай қамқорлығымыз шын?» – деп жазды желі қолданушылары.

 P.S. Қарлығаш – қазақ үшін қасиетті құс. Халық оны «үйге бақыт пен бейбітшілік әкеледі» деп бағалайды. Ал олардың ұясын бұзу – үлкен күнә саналған.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату