Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті 2024-2025 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына қатысты топырақтың мұнай өнімдерімен ластану фактілері бойынша 8 тексеру жүргізген.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде жер телімінің бүліну фактілері расталды.
— Заңды бұзғаны үшін жоғарыда аталған кәсіпорынға ҚР ӘҚБтК-нің 337-бабының 4-бөлігімен 29 536 000 теңге әкімшілік айыппұл салынып, рекультивация және қоршаған ортаны қалпына келтіру бағдарламаларын әзірлеу туралы ұйғарым шығарылды. Айыппұл толығымен өндіріліп, шығарылған ұйғарымдар белгіленген мерзімде орындалды, делінген хабарламада.
Экологтар заң бұзушылықтардың басым бөлігі төтенше жағдайларға байланысты екенін атап өтті.
Атап айтқанда, бұл мұнай ұңғымаларын бұрғылау және салу кезінде орын алған апаттық жағдайлар, сондай-ақ ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп тұрған магистральдық құбырлардың коррозиясы болды.