Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шешенстанда бұрынғы келінін өлтіріп, өртеп жіберген адам соғысқа кетіп, жазадан сытылып кетті

Шешенстанда адам шошырлық қылмыс жасалды: 46 жастағы Руслан Умаев бұрынғы келіні Кристинаны ұйықтап жатқанда буындырып өлтіріп, денесін көлік доңғалақтарымен бірге өртеп, қалдықтарын өзенге лақтырған. 

Шешенстанда бұрынғы келінін өлтіріп, өртеп жіберген адам соғысқа кетіп, жазадан сытылып кетті
Фото: instagram.com/nemolchi.uz

Қайтыс болған Кристина — Мәскеу түбіндегі Лобня қаласының тумасы. 2019 жылы Ахмед есімді жігітпен танысып, кейін тұрмысқа шығып, күйеуінің туған өлкесі — Шешенстанға қоныс аударған. Бірақ қыздың жақындары Ахмед бұл некеге өз еркімен емес, әкесі — Руслан Умаевтың қысымымен барғанын айтқан.

Кристинаның отбасылық өмірі ауыр өткен: күйеуі жиі қол көтеріп, енесі психологиялық қысым көрсеткен. Тіпті кей күндері қызы екеуіне тамақ табылмай қалған. Бірақ ол ешқашан қайын атасы туралы жаман сөз айтпаған екен.

2022 жылы Кристина ажырасып, Мәскеуге қайта оралады. Дегенмен қызы үшін бұрынғы күйеуінің туыстарымен қарым-қатынасын үзбеген. Қызымен қамқорлыққа ортақ құқық болғандықтан, Шешенстанға жиі барып тұрған. Сол кездері күйеуінің орнына Кристинаның жанынан көбіне қайын атасы көрінетін болған.

Марқұмның анасы мен құрбысы Руслан Умаевтың кейінгі уақытта Кристинаға ерекше ықылас танытып, тіпті шектен шыққан әрекеттерге барғанын айтқан. Олардың айтуынша, ол Кристинаға сезім білдіріп, қарсы болмаса да, оны өзіне қаратуға тырысқан болуы мүмкін.

2024 жылдың қыркүйегінде Кристина Шешенстанға барған соң байланысқа шықпай қалады. Бірнеше күннен кейін анасы оның қаза тапқанын БАҚ арқылы естиді. Кейін Умаев кінәсін мойындап, келінін ұйықтап жатқанда өлтіріп, денесін үйінің ауласында өртегенін және қалдықтарын өзенге лақтырғанын тергеушілерге айтқан.

Тінту кезінде үйден қан іздері бар жіп пен диванда шәует табылған. Умаев Кристинаны "аморальды қылығы" үшін өлтіргенін айтқан.

Алайда ол сот алдында жауап берместен, Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, Украинадағы соғысқа аттанып кеткен. Марқұмның анасы Анастасияның сөзінше, адвокат істі уақытша тоқтату туралы өтініш берген, ал сот келісімшартқа байланысты тергеуді шегере тұруға шешім шығарған. Қазіргі таңда бұл іске қатысты үкім әлі шыққан жоқ.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату