Оның пікірінше, билікте отырған шенеуніктер жеке өміріне жауапкершілікпен қарауы керек, әсіресе, бала дүниеге келген жағдайда.
Тортуылдың айтуынша, шенеуніктердің бойдақ әйелдермен қарым-қатынасын пайдаланып кетуі – қоғамдағы моральдық дағдарыстың көрінісі. Ол бұл үрдістің түп-тамыры Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұсындағы тоқал алу сәнінен басталғанын еске салды.
«Қолында билік, қалтасында ақша бар әкімдер өздеріне сеніп келген әйелдерді уақытша ойыншық көреді. Сосын ешқандай жауапкершілік алмай, бәрін ұмытып кетеді. Бұл – азаматтық қоғам үшін өте қауіпті жағдай. Шын махаббат іздеген немесе жұмыс мәселесінде қысымға ұшыраған әйелдер не істерін білмей қалады», – дейді ол.
Белсенді сондай-ақ бұрын әкім орынбасары болған кезінде өзіне келген бойдақ келіншектердің тек қызметке бола жақындасқанын мысал етті.
«Жұмыстан кеткен соң «мені жақсы көретін едің, енді кездесейік» десем, ол «енді мәні жоқ» дейді. Міне, нағыз жауапкершіліктен жалтару. Бала дүниеге келсе, еркек ретінде тегін беріп, жағдайын жасау керек», – деп ашынды Тортуыл.
Ол әлеуметтік желілердегі арсыз контенттерге де тоқталып, қазіргі таңда кейбір әйелдер желіде танымал болу үшін ар-намысты ысырып қоятынын сынға алды.
«TikTok пен Instagram желісінде тәнін көрсетіп, лайк қуалап жүргендер – кедей көрермендердің назарына ілініп, байлардың назарын өзіне бұрып жатыр. Ал бұл жағдай қоғамда шынайы қарым-қатынастың, жауапкершіліктің, моральдың құлдырауына себеп болып отыр», – деді ол.
Сөз соңында қоғам белсендісі:
«Ортақ мораль жоқ жерде азаматтық қоғам болмайды. Ал тәрбиенің іргетасы – мораль. Сондықтан ел ішінде заңмен ғана емес, ар-ұятпен де тәртіп орнату қажет», – деп түйіндеді ойын.