Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шымкентте жолаушы автобус жүргізушісін аяусыз соққыға жықты

36 жастағы Мақсат Жолаев қазір ауруханада жатыр. Оның айтуынша, оған тек жолаушы ғана емес, аялдамада күтіп тұрған оның таныстары да шабуыл жасаған. Соған қарамастан, бұл оқиға бойынша тек бір ғана күдікті қамауға алынған, деп хабарлайды newsroom.kz.

Шымкентте жолаушы автобус жүргізушісін аяусыз соққыға жықты
Фотт: orda

Orda.kz дерегінше, жүргізуші бір аптадан бері төсекке таңылып, ем қабылдап жатыр. Ол өзін автобусқа мініп, жолақысын төлеместен түспек болған адамға ескерту жасағаннан кейін соққыға жығылғанын айтады. Әлгі жолаушы жанжал шығарып, достарын шақырған.

– Автобустан түсе бергенім сол еді, үшеуі күтіп тұр екен. Бірі басымнан балтамен ұрды, екіншісі бетіме кастетпен салып қалды. Бетім жыртылып кетті. Есімнен танып қалдым. Одан кейін не болғаны есімде жоқ. Айналамда әйелдер ғана тұрған, ешкім араша түспеді, – дейді Мақсат Жолаев.

Жүргізуші есін жедел жәрдем көлігінде ғана жиған. Басынан ауыр жарақат алған оны дәрігерлер жансақтау бөліміне жеткізген.

– Пациенттің бас-ми жарақаты тіркелді. Алғашқы шұғыл көмектен кейін ол нейрохирургия бөліміне ауыстырылды. Қазір ем қабылдап жатыр. Жағдайы – орташа ауыр, – деді дәрігер Ерлан Курбанкожаев.

Алайда жүргізушінің бірнеше адам шабуылдады дегеніне қарамастан, полиция тек бір күдіктіні ғана қамауға алған.

– Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды. Қазір болған жайттың мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр, – деп мәлімдеді Шымкент қалалық полиция департаменті.

Мақсат Жолаев өзіне бірнеше адам бірден шабуыл жасағанына сенімді. Ол шабуылға қатысқандардың бәрі жазалануы керек деп есептейді.

Айта кетейік, Мақсат – жедел жәрдемнің бұрынғы қызметкері, соңғы бес жылдан бері қоғамдық көлікте жұмыс істейді. Төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты әке – отбасындағы жалғыз асыраушы.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату