Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Үндістанда ұшақ апатынан аман қалғандар жоқ

2025 жылғы 12 маусымда Үндістанның Ахмадабад қаласынан Лондонға бағыт алған Air India әуе компаниясына тиесілі Boeing 787 Dreamliner жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, апат салдарынан ұшақ бортында болған 242 адамның барлығы қаза тапқан, деп хабарлайды newsroom.kz  News18 телеарнасына сілтеме жасап.

Үндістанда ұшақ апатынан аман қалғандар жоқ

Ұшақ әуежайдан ұшқаннан кейін көп ұзамай Ахмадабад қаласындағы дәрігерлерге арналған жатақханаға құлаған. Апат орнында жедел құтқару және өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Бұған дейін 133 адамның қаза тапқаны хабарланғанымен, кейін барлық жолаушылар мен экипаж мүшелерінің көз жұмғаны нақтыланды.

Air India компаниясының ресми ақпараты бойынша, ұшақта болған 242 адамның ішінде:

169-ы Үндістан азаматтары,

53 адам – Ұлыбритания,

7 адам – Португалия,

1 адам – Канада азаматы болған.

Оқиғаға байланысты Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди елдің Ішкі істер министрі Амит Шахпен және Азаматтық авиация министрі Раммохан Найдумен шұғыл кеңес өткізді. Мемлекет басшысы министрлерге апат орнына барып, қажетті көмек шараларын ұйымдастыруды тапсырды.

Апат салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, көмек көрсету мақсатында Үндістан билігі жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістан Премьер-министрінің атына жеделхат жолдап, көңіл айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл білдірді.

Бұл – соңғы жылдардағы ең ірі авиациялық апаттардың бірі болып отыр. Апаттың нақты себептері арнайы тергеу барысында анықталатын болады.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату