Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Торғай даласына керқұландар қайта оралды

Қазақстанның тарихи даласына тағы бір ерекше жаратылыс қайта оралды. Торғай өңіріндегі «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына шетелден 17 жабайы жылқы — керқұлан жеткізілді. Бұл — «Жабайы жылқылардың оралуы» атты халықаралық жобаның аясында жүзеге асқан екінші тасымал, деп хабарлайды newsroom.kz.

Торғай даласына керқұландар қайта оралды

Жылқылар Чехиядағы Прага хайуанаттар бағынан және Мажарстандағы ұлттық парктен арнайы іріктеліп әкелінген. Жасы 3-4 шамасындағы жануарлар ұшақпен тасымалдауға төтеп бере алатындай күйде болған.

Қанат Батырханұлы, Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының маманы:
«Жылқылардың жағдайы жақсы. Қазір арнайы бейімдеу орталығында бақылауда ұстап отырмыз. Бір жыл бойы мамандар зерттейді, содан кейін табиғатқа еркін жіберіледі».

Керқұландар қатал климатқа бейімділігімен ерекшеленеді. Бұған өткен жылы әкелінген жеті жылқының Қостанайдың аязы мен Торғайдың қарына тез бейімделуі дәлел. Олар табиғи ортада еркін қозғала алуы үшін мойындарына GPS-қарғыбау тағылып, үздіксіз бақылауға алынады.

Мамандар биылғы керқұландардың төлдемеуін климаттық бейімделу кезеңімен байланыстырып отыр. Бірақ келесі жылы төл беруі мүмкін деген үміт бар.

Қанат Батырханұлы:
«Олар бұрынғы мекендерінде төлдеген. Алайда, Қазақстанға келген соң, бір жылдай үзіліс алып, содан кейін ғана төлдей бастайды деген болжам бар. Бұл – табиғи ерекшелік».

Жобаның басты серіктестері – Прага хайуанаттар бағы мен Будапешт зообағы.

Шош Ендре, Будапешт зообағының директоры:
«Керқұландар – қазақ даласының төл жануары. Сондықтан олар бұл жерде өзін үйінде жүргендей сезінеді. Жоба аясында Қазақстанға екінші рет керқұлан жіберіп отырмыз. Былтыр да, биыл да тасымалдау сәтті өтті».

2029 жылға дейін Торғай даласында тұрақты популяция қалыптастыру көзделген. Мақсат — жабайы жылқылардың санын 40–45 басқа жеткізу.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату