Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Астана – Жезқазған пойызында жолаушы әйел босанды

2025 жылғы 27 мамыр күні таңертең «Астана – Жезқазған» бағытындағы №66 Talgo жолаушылар пойызында ерекше оқиға тіркелді. Сапар барысында жүкті әйел босанып, қыз бала дүниеге келді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Астана – Жезқазған пойызында жолаушы әйел босанды
«Жолаушылар тасымалы» АҚ

Жүктілігінің соңғы кезеңінде болған жолаушы Пернабаева А. жол үстінде толғағы басталғанын байқап, жолсеріктерден жедел көмек сұраған. Пойыз бастығы Киікбай Маханов пен вагон жолсерігі Алтынай Ғафиуллина дереу әрекетке көшіп, босану үшін қажетті жағдай жасаған. Олар қызметтік нұсқаулыққа сәйкес барлық шараларды қолға алған.

Сондай-ақ, пойызда болған жолаушылар – Сәтпаев қаласынан шыққан фельдшер мен балабақша қызметкері де көмекке келген. Олардың бірлескен әрекетінің арқасында таңғы сағат 06:20 шамасында сәби – қыз бала дүниеге келді.

Пойыз Жеңіс станциясына келгенде алдын ала шақыртылған жедел жәрдем тобы ана мен сәбиді бірден медициналық бақылауға алды.

Сәбидің әкесі Жаналин А. оқиға кезінде қол ұшын созған барлық азаматтарға шын жүректен алғысын білдіріп, дүниеге келген қызына Асылым деген есім берілгенін айтты.

Айта кетейік, «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында қызмет ететін бригада мүшелері алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайларда әрекет ету бойынша арнайы дайындықтан өтеді. Соңғы үш жылда компания пойыздарында 15 сәби дүниеге келген.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату