Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Берденовты атқан күдіктінің жұбайы мәлімдеме жасады

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қатысты атыс оқиғасынан кейін көпшіліктің назарында жүрген Ернар Жиенбайдың жұбайы Луиза Алданова Instagram парақшасында алғаш рет мәлімдеме жасады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Берденовты атқан күдіктінің жұбайы мәлімдеме жасады

Ол жариялаған жазбасында соңғы бір айдың отбасылары үшін аса ауыр сынақ болғанын айтып, барша қолдау білдірген азаматтарға алғыс білдірді.

«Осы қиын кезеңде мені іздеп, уайымдап, отбасымыз үшін дұға тілеп жүрген барлық жанашыр жандарға алғысымды айтамын. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар», – деді Луиза Алданова.

Ол өз жазбасында Берденовтің тезірек сауығып, елге қайта қызмет етуіне тілектес екенін айтып, жапа шеккен тарапқа тілеулес екенін жеткізді.

«Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз», – дейді ол.

Сонымен қатар Луиза ханым жолдасы Ернар Жиенбайдың жасаған әрекеті қателік екенін айтып, бұл жағдайды «тағдырдың сынағы» деп қабылдағанын жеткізді.

«Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен... Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым», – деп жазды ол.

Ол сондай-ақ алғашқыда тараған «қылмысқа әйелі Луиза Алданованың қатысы бар» деген қауесетті жоққа шығарды.

«Менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық», – деп түйіндеді жазбасын.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату