2024 жылы осы жобаның аясында Бөрлі, Ақсу, Аралтал, Пугачёво және Пепел ауылдарының он тұрғыны жылыжай шаруашылығын дамыту үшін қайтарымсыз гранттар алды. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, жұмыс орындарын құру және заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы ауыл экономикасын жандандыру.
Жылыжай шаруашылығы кездейсоқ таңдалған бағыт емес. Жабық топырақ жағдайында ауыл кәсіпкерлері тұрақты және сапалы өнім ала алады, ауа райының құбылмалы жағдайларынан тәуелсіз болып, маусымға қарамай көкөніс өсіруге мүмкіндік табады. Қазіргі таңда жобаның қатысушылары қияр, қызанақ, көк шөп пен бұрыш өсірумен айналысуда.
10 жеке жылыжай салынды, оның ішінде 6 жылыжай иесі қияр өсіруді қолға алса, қалған 4 қатысушы көшет отырғызу кезеңін бастап жатыр.
Жоба аясында қатысушылар тек қаржылай қолдау ғана емес, маркетинг, агробизнес, экономика және өсімдік шаруашылығыбойынша кешенді білім алады. Олар өнімді өсіруден бастап, оны тиімді өткізуге дейінгі әрбір қадамды жоспарлауды меңгеріп, тұрақты тұтынушы базасынқалыптастыруды үйренуде.
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – қатысушылардың әлеуметтік әралуандығы. Шаруалармен қатар, үй шаруасында ұзақ жылдар отырған азаматтар, әйелдер, көп балалы әкелер мен зейнеткерлер де грант иегері атанды. Олар енді тек жеке ісін ашып қана қоймай, аудан экономикасының дамуына нақты үлес қосып отырған қарапайым ауыл тұрғындарына айналды.
Пугачёво ауылының тұрғыны Айгүл Жанабаева өз тәжірибесімен бөліседі:
«Грант пен оқытудың арқасында мен жылыжай салып қана қоймай, өз ісімді жолға қойдым. Бұл маған еркіндік, ертеңгі күнге сенім беріп, екі көршімді жұмысқа алуға мүмкіндік берді».