Облыс құрылғаннан бергі үш жылда өңірде айтулы мәдени жаңалықтар мол болды. Мәселен Талдықорғанда Ұлы Абайға ескерткіш, Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, Халық артисі Бикен Римованың және екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің бюсті қойылды. Осы жылдар ішінде Жетісу облысының филармониясына Қазақстанның Халық әртісі, әнші-композитор Дәнеш Рақышевтің есімі беріліп, өнер саңлағы тұрған Талдықорғандағы үйге ескерткіш тақта орнатылды. Облыс тарихында тұңғыш рет эстрадалық-симфониялық оркестр құрылды. Кербұлақ ауданында Шоқан Уәлихановтың «Алтынемел» мемориалды кешеніне күрделі жөндеу жасалып, Үштөбе қаласында Қаратал аудандық тарихи-өлкетану музейі салынды.
Соңғы үш жылда өңірде 7 ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, Қаратал ауданы Кәлпе, Алакөл ауданы Ақжар, Ескелді ауданы Қаратал ауылында мәдениет үйлері салынды. Сонымен қатар 8 ауылда Ескелді ауданы Қоңыр, Жалғызағаш, Ақын Сара ауылдарында, Қаратал ауданы Ескелді, Жаңаталап ауылдарында, Кербұлақ ауданы Қоянкөз, Шұбар ауылында, Көксу ауданының Мұсабек ауылында блокты-модульді клубтар орнатылып, қолданысқа берілді. Ал биыл 9 мәдениет үйінің, 1 аудандық кітапхананың құрылысы жүргізіліп, 2 ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Облыста алғаш болып блокты модульді клубтың бірі Ескелді ауданының Қоңыр ауылында салынған болатын. Ауыл тұрғындары жаңа нысанның игілігін көріп отырғанын ризашылықпен айтады:
- Өзім ауылдық мәдениет үйінде жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Ауылдық мәдениет үйі ұзақ уақыт күрделі жөндеу көрмегендіктен, төбесі құлап жарамсыз күйге түскен еді. Он жылдан астам уақыт ауылда мәдениет үйі болған жоқ, мәдени шараларға мектептің акты залын пайдаландық. Өткен жылы ауылымызда жылы блокты-модульді клуб орнатылып, қолданысқа берілді. Халық дән риза. Қазір жаңа ғимаратта түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Ауыл халқы ауылдық мәдениет үйінде мерекелер кезінде концерт тамашалайды, - деді зейнеткер Қанат Күдербаев.