Energyprom мәліметінше, алдымен мемлекет қант қызылшасының егіс алқабын ұлғайтатынын жариялады. Мұны табыс табудың жақсы мүмкіндігі деп түсінген шаруалар несие рәсімдеп, техника сатып алды. Алайда көп ұзамай саланы дамытуға арналған кешенді жоспарға өзгеріс енгізіліп, егіс көлемін арттыру емес, қысқарту туралы шешім қабылданды.
Нәтижесінде елде өңдеуге келмейтін артық өнім — қант қызылшасы жиналып қалды.
2024 жылы Қазақстан қант қызылшасын егу бойынша рекорд орнатты — 25 мың гектар жерге тұқым себілді. Бұл — 2023 жылмен салыстырғанда үштен бірге көп. Сонымен қатар гектарына шаққандағы өнімділік 379-дан 507,3 центнерге дейін өсті. Өткен жылы қазақстандық аграрийлер жалпы 1,3 млн тонна қызылша жинады.
Алайда мұншама көлемдегі өнімді қайда өткізу керектігін билік ескерусіз қалдырған. Елде үш қана зауыт бар. Олар бар болғаны 700 мың тонна өнімді өңдей алды — бұл жалпы көлемнің небәрі 58,3 пайызы. Қалған өнімді шұғыл түрде Қырғызстанға өткізуге немесе мүлде жоюға тура келді.
Сөйтіп, қант қызылшасына артылған үміт ақталмады. Қант өндірісі артуы тиіс болса да, керісінше, бір жыл ішінде 25,2 пайызға төмендеді. Бұл — әзірге алдын ала көрсеткіштер, бірақ қазіргі жағдайдың өзі көңіл көншітпейді.
Мәселенің бір ұшы зауыттардың техникалық ахуалына тіреледі. Елдегі қант зауыттарының кейбір жабдықтарына 90 жылдан асқан. Мұндай жағдай жаңбырдай жауған өнімді қабылдап, өңдеуге мүмкіндік бермейді. Салдарынан қызылша алқапта шіріп кетуі ықтимал.
Жоспарлаудың жүйесіздігі — ниеттің нәтижеге айналуына кедергі. Билік 2026 жылға дейін ішкі сұраныстың 43 пайызын отандық қантпен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Алайда бұл батыл жоспар жүзеге аса ма — әзірге белгісіз.