«Құралайдың салқыны» еліміздің орталық және солтүстік өңірлерінде шамамен 18 мамырдан басталып, он күндей уақытқа созылатын тұрақсыз ауа райы кезеңіне сәйкес келеді.
Көшпенді өмірге бейімделген қазақ киіктің жаппай төлдейтін уақыты мен табиғаттағы күрт өзгерісті байланыстыра білген. Киіктердің лағы дүниеге келетін осы кезеңде ауа райы суытып, жел тұрып, аспан бұлттанып, кейде нөсер де жауады. Мұндай құбылыстар бірнеше күнге созылады. Осы уақытта киіктер шоқы мен адырлы жерлерге қарай ауады. Аңшылықты жақсы меңгергендер бұл сәтті: «Қоңыр аңдар көзден таса, жайсыз жерге барып лағын туады» деп түсіндіреді. Сол себепті «киік лағы туатын кезде найзағай жарқылдайды» деген наным да бар.
Расында, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бірер күн бұрын Қазақстанда киіктердің төлдеу кезеңі басталды деп хабарлады. Күннің де суыта бастағанын байқауға болады.
Бұл уақытта киік лақтары алғаш желге қарсы жүгіріп, тыныс жолдары ашылып, тез аяқтанады дейді табиғатқа зер салғандар. Тағы бір таңғаларлық нәрсе – киіктер өте қысқа мерзім ішінде жаппай төлдеп үлгереді екен. Мұның бір сыры – аналық киіктер өз лағынан өзге құралайларды да емізіп, бауырына тарта беретініне байланысты болса керек. Сондықтан далада жалғыз қалған киік лағын кездестіру қиын.
Киіктің киелілігін танытатын тағы бір жайт бар. Мамыр айының соңында, дәлірек айтқанда 22-28-і аралығында, даладан «түйетабан» аталатын ерекше өсімдікті көруге болады. Оның ірі, жасыл-қызғылт түсті жапырақтары жаңа туған құралайларды бүркеп, табиғи қалқан секілді жасырып тұрады. Қырағы қырандардың өзі бұл кезде дала төсінде бүркемеленіп жатқан киіктің лағын байқай алмайды. Таңғаларлығы – «түйетабан» сол бір аптадан кейін мүлде жоғалып, келесі көктемге дейін көзге түспей кетеді екен.
Кей жылдары бұл кезең қатты суытумен, тіпті жауын-шашынды күндермен қабаттаса келіп, мал шаруашылығына да қиындық тудырады. Маңғыстау қазақтары мұндай сәттерде жақын маңдағы құдықтарға қарай шұғыл көшіп, қауіпсіздеу жерге жетуге тырысатын болған.
Ресми дерек бойынша, әлемдегі киіктердің 98 пайыздан астамы Қазақстанда мекендейді.
Болжам бойынша, киіктердің төлдеу кезеңі мамыр айының соңына дейін жалғасады.