Ол өзінің жеке парақшасында келесідей жазба қалдырды:
Құрметті әріптестер, достар, Шымкент қаласының жастары!!!
Бүгіннен бастап Шымкент қаласының “Жастар ресурстық орталығындағы” басшылық қызметімді ресми түрде аяқтаймын. Бұл мен үшін өмірімнің маңызды, жауапты әрі ерекше кезеңдерінің бірі болды.
Осы уақыт ішінде бірге жұмыс істеген барлық әріптестеріме, сенім білдірген басшылыққа және қолдау көрсеткен серіктестерге зор алғысымды білдіремін. Жастармен жұмыс істеу – менің жүрек қалауым әрі өмірлік ұстанымым. Осы салада жүзеге асқан әрбір жоба мен атқарылған әрбір іс мен үшін аса құнды.
Иә, достар, осылай…
Осы бір жыл ішінде жанашырлық танытып, шынайы қолдау білдірген барлық азаматтарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да шырайлы Шымқаламыздың гүлденуіне бірге атсалысамыз деген үміттемін.
Баршаңызға шын жүректен зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жүректеріңізге иман, істеріңізге береке тілеймін!
P.S. Экс-әріптестеріме айтарым – өз басым ешқашан “Я начальник – ты дурак” дейтін “кеңестік көзқараста” болған жоқпын. Алдағы уақытта жолымыз тоғысып жатса, сыйластықта болайық. Өмір өткінші, ал шынайы сыйластық – мәңгілік.
Жастардың болашағына аз да болса үлес қосу – үлкен мәртебе. Бұл бағыттағы ізденісім мен еңбегім жалғаса береді.
Ізгі ниетпен,
Марат Бақытжанұлы
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығында» жанжал шыққан болатын. Орталық қызметкерлері басшылық тарапынан әлеуметтік желідегі белсенділікке байланысты қысым көріп жүргенін айтып шағымданған. Олардың сөзінше, МРЦ парақшаларындағы жазбаларға лайк баспағандарды сөгіспен қорқытып, түрлі кедергілер келтірген.