Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Жыныстық тәрбие беру – ұят емес, қажеттілік: 12 мың ұрланған балалық шақ

Соңғы бес жылда елімізде 18 жасқа толмаған шамамен 12 мың қыз бала жүкті болған. Бұл – жай ғана статистика емес, он екі мың баланың балалық шағы ұрланды, он екі мың тағдырдың бағыты ерте өзгерді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Жыныстық тәрбие беру – ұят емес, қажеттілік: 12 мың ұрланған балалық шақ
Фото: ашық дереккөзден

Бұл деректі ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті денсаулығына деген жауапкершілік төмен, ал ақпаратқа қолжетімділік – әлі де шынайы қажеттілік деңгейінде емес. Ерте жыныстық қатынас пен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы білімнің аздығы – тек медициналық мәселе емес, ұлттың болашағына төнген қауіп.

«Жауапкершілікті тек мектептерге немесе ата-аналарға артып қоюға болмайды. Халықтың денсаулығы – бұл баршаға ортақ жауапкершілік әрі ұлттық игіліктің негізі», – дейді Жұлдызай Ысқақова.

Неден қателестік?

Мәселенің тамыры тым тереңде. Қоғамда жыныстық тәрбие деген ұғымнан үркіп, оны айтуға тыйым салынған тақырып ретінде қарау әлі де кең таралған. Бұл – әсіресе ауылдық өңірлерде ерекше байқалады. Ата-аналар балаларымен ашық сөйлеспейді, ал мектептер бұл тақырыпты жанамалап қана өтеді. Нәтижесінде, жасөспірімдер білімді интернеттен, қатарластарынан алады – әрі бұл білім көбіне қате әрі қауіпті.

UNFPA зерттеулеріне сүйенсек, 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдердің үштен бірі жыныстық белсенді, бірақ олардың көпшілігі АИТВ мен ЖИТС туралы базалық ақпаратты да білмейді. Бұл дегеніміз – қауіпті инфекциялардың таралуы, қала берді, ерте жүктілік пен түсік тастау сынды салдардың көбеюі.

Кім жауапты?

Ысқақованың айтуынша, бұл тек бір мекеме не бір топтың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қазір елімізде түрлі мемлекеттік органдар, медициналық мекемелер, білім беру ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар бірігіп жұмыс істеп жатыр. Дегенмен, шынайы нәтиже – жүйелі және үздіксіз жұмыс болғанда ғана келеді.

Жасөспірімдерге арналған психологиялық орталықтар, жас аналарға көмек көрсету орталықтары, мектептегі репродуктивті денсаулық пәндері, ата-аналарға арналған семинарлар – мұның бәрі іске қосылуы керек. Бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанымен, ол әлі жеткіліксіз, әрі ауыл мен қала арасындағы алшақтық та өз әсерін тигізуде.

Қоғамдық үнсіздік – үндемей келетін апат

Жасөспірім қыздың жүкті болуы – оның өміріндегі шешуші кезең ғана емес, психологиялық, әлеуметтік, экономикалық соққы. Оқуын жалғастыра алмай, қоғамнан шеттетіліп, екінші мәртеге мүмкіндік ала алмай қалған қыздар қаншама?

Сол себепті де, бұл мәселе тек статистика ретінде емес, ұлттық қауіпсіздік, адами капитал, ұрпақ саулығы деп қарастырылуы тиіс. Себебі дені сау ұрпақ – елдің ертеңі.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату