Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

705 млн теңге: ҚазМұнайГаз басшыларының көп мөлшерде сыйақы алуы әділетті ме?

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов үкімет отырысынан кейін журналистердің жанармай құны мен басшылықтың сыйақысына қатысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды newsroom.kz.

705 млн теңге: ҚазМұнайГаз басшыларының көп мөлшерде сыйақы алуы әділетті ме?
Фото: ашық дереккөзден

Ол Қазақстанда жанармай бағасының төмендігіне тоқталып, мұндай жеңілдіктер нақты мұқтаж жандарға ғана арналуы керектігін жеткізді.

— Біз жанармайды бәріне бірдей тарата алмаймыз. Қазір жеңілдікпен жанармай тұтынып жүргендердің қатарында көрші елдің азаматтары мен транзиттік көлік иелері де бар. Мұнай өнімдері – бұл мемлекеттің меншігі, халықтың байлығы. Біз оны тиімді пайдалануымыз керек, – деді ол.

Мағауовтың айтуынша, ұлттық компанияның негізгі мақсаты – табыс табу және мемлекетке салық түрінде түсім түсіру.

— Түскен салық арқылы мемлекет шынайы мұқтаж азаматтарға қолдау көрсете алады. Ал қазіргі жүйеде жеңілдік бай мен кедейге бірдей беріліп жатыр. Бұл әділетсіз. Біз шикі мұнай экспортын азайтып, ішкі өңдеуді көбейтуіміз керек. Осы арқылы салық көлемі де артады, – деді ол.

Сыйақы көлемі туралы нақты жауап болмады

Журналистер ұлттық компания басшылығына төленетін сыйақыларға да тоқталды. Дегенмен Мағауов бұл сұраққа нақты дерек келтірмеді.

— Қанша төленгенін нақты айта алмаймын. Бұл – қаржы блогының құзырындағы мәселе. Сол жақтан нақты есеп сұрасаңыздар болады, – деп қысқа қайырды ол.

Айта кетейік, 2023 жылы «ҚазМұнайГаз» директорлар кеңесі мен басқарма мүшелеріне жалпы сомасы 497,8 миллион теңгеден астам сыйақы төленген. Орта есеппен алғанда, әрбір директор ай сайын 1,9 миллион теңге, ал басқарма мүшелері 5,1 миллион теңгеден астам табыс алған.

2024 жылғы компанияның қаржылық есебіне сүйенсек, ҚМГ басқарма мүшелеріне жалақы мен бонустарды қоса алғанда, 705 миллион теңге төленген. Бұл сомаға салықтар мен зейнетақы жарналары да кіреді. Ал директорлар кеңесі мүшелерінің табысы былтыр 207,2 миллион теңгені құраған.

Салыстырмалы түрде, 2023 жылы ҚМГ директорлары 97,2 миллион теңге мен 196,3 мың АҚШ долларыниеленген. Яғни 2024 жылы басқарма мүшелерінің сыйақысы 28 пайызға артқан. Ал директорлар кеңесінің жалпы төлемі 10,9 пайызға көбейген. Бұл есептеулерде 2023 жылғы доллардың орташа бағамы – 456,31 теңге ретінде алынған.

ҚМГ директорлар кеңесінде «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері Ернат Бердіғұлов, Ұзақбай Қарабалин, Елжас Отыншиев, сондай-ақ Асхат Хасенов, Асқар Шәкіров, Сая Мыңшәріпова, Арман Арғынғазин, Арманбай Жұбаев және Ұлыбритания азаматы Филип Малкольм Холланд бар.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату