Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Қазақ қызы египеттік күйеуінен  мәһрге наубайхана ашып беруін сұраған

27 жастағы Шахризада Болатбектің Дубайда жүріп египеттік азаматпен танысып, қазақы салтпен тұрмыс құрғаны көпшіліктің назарын аударды. Жас келін мәһр ретінде күйеуінен наубайхана ашып беруін өтінген, деп хабарлайды newsroom.kz

Қазақ қызы египеттік күйеуінен  мәһрге наубайхана ашып беруін сұраған
Фото: qaztoday

Қызылордалық бойжеткен болашақ жарымен Дубайда жұмыс істеп жүрген кезінде танысқан. 2024 жылдың мамыр айында ол еңбек шарты арқылы аталған қалаға қоныс аударған. Жаңа жұмыс орны Dubai Mall маңында орналасқан еді.

«Күйеуімді алғаш рет 1 тамызда көрдім. Ол кезде мейрамханада хостес болып қызмет атқарып жүргенмін. Көзіме қарсы беттегі дүкенде жұмыс істейтін жаңа қызметкер түсті. Түріне қарап сымбатты жігіт екенін ойладым. Бірақ сол жерде тоқтап, ешқандай әрекетке бармадым. Дегенмен оның үйленген-үйленбегенін құрбым арқылы білгім келді. Себебі отбасылы ер адамға көңіл аударғым келмеді. Кейін екеуіміз кездейсоқ фаст-фуд орнында жолықтық. Мен тапсырыс беруге бара жатқанда, ол өз кезегін күтіп тұр екен. Сыпайылық танытып, амандасып өттім», – дейді Шахризада.

Бірнеше күннен кейін Шахризада жігітті кешкі асқа шақырады. Қыздың айтуынша, оны Халедтің қарапайым мінезі мен сөзі мен ісінің бір жерден шығуы баурап алған. Сондай-ақ шынайылығы мен жасандылықтан алшақ мінезі де әсер еткен.

Жастардың арасы екі жас. Халед Мохамед – египеттік, отбасының кенжесі. Ал Шахризада – отбасындағы тұңғыш. Ол күйеуінің жуырда әкесінен айырылғанын және жанында анасы тұратынын айтты.

Шахризада олардың арасында келіспеушілік болмайтынын, өмірлік ұстанымдары – отбасы, дін және рухани құндылықтарға деген көзқарастарының да үйлесімді екенін жеткізді. Сонымен қатар қазақ емес жігітке тұрмысқа шығу себебін де түсіндірді.

«Мен 19 жасымнан бері шетелде өмір сүріп келемін. Бұл таңдауыма әсер еткен – айналамдағы орта. Мектеп бітірген соң Алматыға көшіп келдім. Үшінші курста студенттік алмасу бағдарламасы бойынша Польшада оқыдым. Еуропаны алғаш көргенде-ақ сол жақта өмір сүру керегін іштей сезіндім. Кейін біраз уақыт Астанада тұрып, артынша Дубайға қоныс аудардым. Жолдасым да әскерден кейін өз болашағын шетелмен байланыстыруды шешкен. Қазақ жігіттері туралы жаман айтқым келмейді. Дегенмен кейбіреулер әйелді тұлға ретінде бағалауды, құрметтеуді үйренсе екен деймін. Ал шынайы махаббаттың ұлт таңдамайтынына сенемін», – дейді ол.

Шахризада Болатбек ата-анасының олардың шешімін толық қолдағанын атап өтті.

«Ата-анам – менің өмірлік барлық шешіміме түсіністікпен қарайтын жалғыз жандар. Олар менің әрбір арманымды қолдап, жолыма кедергі келтірмей, демеу болды. Ең бастысы – менің бақытты болғаным. Олар жүректерінде қандай да бір күмән болса да, оны білдірген жоқ. Ал Халедтің анасы мені көрген сәттен бастап "бала сияқты көрінесің" деді. Қазір ол маған екінші анамдай болып, бата беріп, дұға тілеп отырады. Анамды қатты құрметтейді, мені өз ұлындай көреді. Құдаларымызды алғаш рет 2024 жылдың 25 қарашасында таныстырдық. Олар – өте ашық, мейірімді жандар. Мен туралы тек жақсы пікір білдіріп отырады. Бірақ әлі күнге дейін бетпе-бет кездеспедік. Жақында жеке танысқым келеді», – дейді Шахризада.

Шахризада интернетте күйеуінің сымбатына қатысты жазылған пікірлерге ренжімейтінін, керісінше, оны модель болуға да үгіттегенін айтты. Қазір Халед Қазақстанға келмей тұрып-ақ күн сайын 5 қазақша сөз жаттап жүр екен. Келіншектің айтуынша, бүгінде ол кез келген қазақстандықпен еркін тіл табыса алады.

«Қазір бар күшімізді мансапқа бағыттап жатырмыз. Мен бала күнімнен шетелде өз наубайханамды ашуды армандайтынмын. Сондықтан күйеуімнен мәһрге соны сұрадым. Арманымызды бірге жүзеге асыруға тырысып жатырмыз. Ал жолдасым теннис ойынына өте құмар. Қазір халықаралық турнирлерге қатысуға дайындалып жүр. Ол да өз ісінің маманы болуға тырысып жатыр», – дейді Шахризада Болатбек.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату