Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Шерзаттың досы сотта сөз сөйледі

16 жасар Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде марқұмның досы Нұрдәулет Байтұрсыновтың видеодәлелі көрсетілді, деп хабарлайды newsroom.kz.

Шерзаттың досы сотта сөз сөйледі
Фото: Ulysmedia.kz

Нұрдәулет тергеу барысында 2024 жылдың 3 қазанында кешкісін досы Ахметпен бірге бильярд ойнап отырған кезде Шерзаттың хабарласқанын айтты.

— Ахмет: “Шерзат біреумен сөзге келіп қалыпты, барып көрейік” деді. Екеуміз шыққанбыз, бірақ Шерзат қайта хабарласып, "келмеңдер, бәрі шешілді, Нұрғанат аға келіп қойды" деді. Бірақ Ахмет бәрібір бару керек деді, — деді Нұрдәулет.

Олар дүкенге жақындағанда “Гольф” көлігін және үш жігітті көреді. Сәлемдесіп, шетке шыққан. Біраздан соң “Акцент” көлігімен тағы үш жігіт келеді.

— Нұрқанат аға “бәрі шешілді, ол кешірім сұрайды” деді. Артынша “Мерседес кабан” келді, ішінен бес ер адам мен екі қыз түсті. Солардың бірі “Інімді кім ұрды?” деп айқайлады. Ахмет “Нұрғанат ағаның өзінен сұра” деді. Сол жігіт Ахметті ұрып жіберді. Ахмет есінен танып қалды. Нұрғанат аға жүгіріп келіп, оны көтеріп алды, сосын Алдияр Ахметті алып кетті, — дейді куәгер.

Осыдан кейін, Шерзаттың досының сөзінше, абыр-сабыр басталған. Біреу "пышақ бар" деп айқайлап, қашуға шақырған.

— Нұрғанат жерде жатты, оны бес-алты адам ұрып жатты. Біз қаштық, шамамен 350 метр жүгірдік. Бір бұрылыста 5–7 минут тұрып, кейін кері қайттық. Шерзаттың әкесі көлігімен кетіп қалыпты. Анасын көрдік. Дүкен ашық тұр екен, ішке кіргізіп, су бердік. Жедел жәрдем мен полиция келді. Кейін ауруханаға бардық, — деп еске алды Нұрдәулет.

Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша сот

Еске салайық, 10 сәуірде Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Болатты қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот отырысы басталған. Айыпталушылар орнында тоғыз адам отыр: Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Аскентай, Нұрбол және Азамат Тоқтаубаевтар, Нұркияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет және кәмелет жасына толмаған Думан Ысқақ.

Оларға ҚР ҚК-нің бірнеше бабы бойынша айып тағылған: адамдар тобымен аса қатыгездікпен кісі өлтіру (99-бап, 2-бөлім, 1, 5, 7, 9, 14-тармақтар), қару қолданумен бұзақылық (293-бап, 3-бөлім), ұрлық, қылмысты жасыру. Сот процесі судья Ержан Жанұзақовтың төрағалығымен ашық режимде өтуде.

28 сәуір күні сотта екі куә қыз сөйлеген. Олардың бірі бұрынғы айтқанынан бас тартса, екіншісі айыпталушыларда қару болғанын нақты айта алмаған.

29 сәуірде марқұмның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауабы оқылды. Ол төбелес болған жерге айыпталушылармен бірге екі қыз келгенін, олардың бірі пышақ таратқанын айтқан.

Сондай-ақ сотта айыпталушылардың бірімен бірге оқыған сыныптастары — Еркебұлан Тоқтарбай мен Жанібек Әмірякин куәлік беріп, сол күнгі оқиғалар туралы жаңа деректермен бөлісті.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату