«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – "Caspi Bitum" бірлескен кәсіпорны ЖШС іске асырып жатқан жаңғырту жобасы аясында маңызды нәтижеге қол жеткізілді. Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан бұл жобаның аясында жаңартылған өндірістік қуаттылықтың жұмысқа толық дайын екенін дәлелдейтін 740 тонна жол битумының сапа паспорты алынды.
Жобаның негізгі мақсаты – ЭЛОУ-АВТ мұнайды алғашқы өңдеу қондырғысын жаңарту. Бұл үшін негізгі технологиялық жабдықтар ауыстырылып, қуаттылық жылына 1,5 млн тонна мұнай өңдеуге жеткізілген.
Маңызды кезеңдердің бірі – 2024 жылдың наурызында биіктігі шамамен 40 метр, салмағы 140 тонна болатын Т-1102 вакуум колоннасын орнату болды. Бұл жабдық мазутты терең өңдеуге мүмкіндік береді, соның нәтижесінде жол битумын өндіруге қажетті жоғары сапалы гудрон алынады. Сонымен қатар, жаңа вакуум колоннасымен бірге атмосфералық қондырғы, технологиялық пештер, жылу алмастырғыштар мен сорғы жабдықтары жаңартылып, автоматтандыру және бақылау жүйелері де жетілдірілді.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың қараша айында басталған. Бас мердігер – CITIC Constructionкомпаниясы. Жұмыс тәулік бойы ұйымдастырылып, 220-дан астам адам тартылған. Соның нәтижесінде жоба жоспарланған мерзімнен бір ай бұрын аяқталды. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 76 миллион АҚШ доллары.
Caspi Bitum зауытының ресми іске қосылуы және толық қуаттылықпен жұмыс істеуі 2025 жылдың мамыр айының басына жоспарланып отыр.
Бұл жоба Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Зауыт жылына битум өндірісін 500 мың тоннадан 750 мың тоннаға дейін арттырып, елдегі жол құрылысы жұмыстарының сұранысын қамтамасыз етпек.