"Бүгін таңертең Шымкент қаласының ауруханасында жатқан Руслан Берденовке арнайы ұшып келдім.
Қазіргі жағдайы – орташа ауыр, реанимацияда. Сана-сезімі анық, сөйлесіп жатыр, жігерлі. Барша әріптестерден, достарымыздан сәлем айттым. Нағыз азамат. Жарайсың, Руслан!
Шыдай алмай маңдайын иіскедім. Әкесін, анасын жақсы танимын. Бірге қызметтес болғанымыз тағы бар
Осы оқиға орын алған Шымкент – менің сайлау округім. Бір мандатты депутат ретінде арнайы келіп, жағдаймен жергілікті жерде таныстым. Көптеген адамдармен сөйлестім, өз көзіммен көрдім.
21 сәуір күні әкімдік ғимараты маңында орын алған атыс баршамызды алаңдатты. Бұл – аса ауыр қылмыс. Осыған байланысты ресми тергеу басталып, күдікті ұсталды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі таңда әртүрлі әңгімелер тарап жатыр өкінішке орай. Бірақ ресми нұсқа – жалғыз дұрыс бағыт. Қалғаны – алыпқашпа сөздер мен негізсіз болжамдар. Бұл істе соңғы сөзді сот пен заң айтады.
Мен осы округтің сайланған депутаты ретінде жағдайды жақсы білемін және тергеу барысы дұрыс жолда деп есептеймін.
Русланға шын жүректен саулық тілеймін. Елге, қалаға қызмет етуді жалғастыра берсін!"- деп жазды депутат.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті атып кеткенін хабарлаған едік.