Ол бұл шабуылды саяси мақсатта ұйымдастырылды деуге негіз жоқ екенін айтып, кейбір дереккөздер таратқан «әйел мәселесіне байланысты» деген болжамға да күмәнмен қарайтынын жеткізді.
– Меніңше, мұнда қандай да бір саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Бұл — жеке адамдар арасындағы қарапайым жанжал. Қазір тарап жатқан түрлі нұсқалардың ешқайсысы мені сендіре алмай отыр. Қылмыс тұрмыстық сипатқа көбірек ұқсайды. Ал Руслан әзірге толық жауап беруге дайын емес, – деді ол журналистерге берген пікірінде.
Ходжаназаровтың сөзінше, Берденов ауыр жарақат алған. Отадан енді ғана ес жия бастағанымен, бірден жұмысты сұрап, қызметін ойлай бастаған.
– Оның жағдайын «жақсарып келеді» деуге ертерек. Үш рет оқ тиген адамға оңалу оңай емес. Денсаулығының қалпына келуіне ұзақ уақыт қажет болады. Бұл жағдай баршамызды алаңдатып отыр, өз басым қатты уайымдадым, – деді партия жетекшісі.
Қазір Руслан Берденов ауруханада ем алып жатыр. Тергеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, бұған дейін Президент әкімшілігіне жақын бірнеше телеграм-арна да бұл оқиғаға саяси түсініктеме бермеуге шақырып, негізгі себепті «тұрмыстық жанжал мен жеке араздық» деп көрсеткен еді.
Ходжаназаровтың қазіргі ұстанымы да осы бағытпен үндес. Алайда «тұрмыстық қылмыс» деген түсінік бұлыңғыр. Онда шынымен саяси себеп жоқ па?..