Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Алматыда картоптың “жасы” – 1300 теңге

Алматыдағы супермаркеттерде жаңа қазылған картоп бағасы жұртты шошытты. Әлеуметтік желілерде тараған мына фотода Magnum супермаркетінде бір келі ерте піскен картоп бағасы 1299 теңге тұратыны көрсетілген. Таңғаларлығы, бұл баға импорттық емес, отандық өнімге қойылған. Турасын айтқанда, Түркістан облысында өсірілген картоп, деп хабарлайды newsroom.kz.

Алматыда картоптың “жасы” – 1300 теңге
Фото: zhest_kz телеграм арнасынан

Тұтынушылардың айтуынша, бұл баға кейбір экзотикалық жемістердің құнынан да асып түскен. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда министрлігі тексеру жүргізіп, бағаның күрт көтерілуін маусымдық жағдаймен түсіндірген. Яғни, әзірге өнім аз, сұраныс жоғары. Бұл баға бір апта көлемінде қалыпқа келеді-мыс.

Бағаны былай қойғанда, аудармадан да "дәм" кеткен

Бағаның қымбаттауы аздай, Magnum супермаркетінде "молодой картофель" деген жазуды қазақшаға тура мағынасында "картоп жас" деп аударып қойыпты. Бұл тіл мамандарының ғана емес, қарапайым тұтынушының да назарынан тыс қалмайтын қателік қой.  “Молодой картофель” — картоптың гүлдеуі аяқталғаннан кейінгі және толық піспегенге дейінгі кезеңде жеуге болатын түйнектері. Ол піскен картоптан қабығының жұқалығымен және дәмінің жұмсақтығымен ерекшеленеді. Яғни, бұл – маусымдық көкөніс. Қазақша “жаңа қазылған картоп” немесе “ерте піскен картоп” десе болады. Тым құрығанда "жас картоп" деп жазуға болар еді. "Картоп жас" деу – "…адам жас" дегенмен бірдей естіледі.

Негізінен, супермаркеттің баға тақтайшаларында қазақша қателік жетерлік.

Картоптың жасы 1299 теңге болса, зейнетке шыққанда не болар екен?..

Айта кетейік, Астанада отандық картоптың бағасы 400-500 теңге аралығында, импорттық (мысалы, Египеттен, Пәкістаннан келген) өнімдердің құны да осы шамада.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату