Бұл қаражат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысының бюджетіне нысаналы трансферт ретінде беріліп отыр.
Бүгінде Қызылорда — орталықтандырылған ыстық су жүйесі жоқ республикадағы жалғыз облыс орталығы саналады. Қала тұрғындары негізінен электр және газ жылыту құрылғыларын пайдаланады. Мұндай жағдай төтенше жағдайлар қаупін арттыратыны белгілі.
2023 жылғы 10 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапары кезінде қаланы 2025 жылдың соңына дейін толыққанды орталықтандырылған ыстық су жүйесіне қосуды тапсырған болатын.
Құны 26,2 млрд теңгеге бағаланған жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші кезең аясында 2024 жылы 187 тұрғын үй ыстық су жүйесіне қосылса, екінші кезеңде тағы 236 көп қабатты үй қамтылады.
Биыл бірінші кезеңге Үкімет резервінен 11 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Енді қосымша 5 млрд теңге екінші кезеңнің бірінші кезектегі жұмыстарына бағытталады.
Жоба толық аяқталған соң Қызылорда қаласындағы 423 көп қабатты үй орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз етіледі.