2024 жылдан бастап Чирчик қаласында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл филиал Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ш. Мирзиёев арасындағы келісімдердің нәтижесінде ашылды. М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың Өзбекстандағы филиалы секілді халықаралық білім беру платформаларын құру және дамыту студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазақстандық делегация сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрі Қ. Шариповпен кездесіп, жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелері мен Чирчик қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚУ филиалын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Атап айтқанда, келесі бастамаларды жүзеге асыру ұсынылды:
• Филиал базасында ғылыми кадрларды даярлау;
• Қазіргі ғылыми бағыттар бойынша жыл сайынғы бірлескен ғылыми форумдар ұйымдастыру;
• Жазғы ғылыми мектептерді өткізу;
• Өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін технологиялық сессиялар ұйымдастыру, оған екі елдің ғылыми қауымдастығының өкілдері қатысады;
Осы оқу жылынан бастап бакалавриат және магистратура деңгейінде IT саласы бойынша инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыру.
Серіктес жоғары оқу орындарымен өткізілген кездесулердің нәтижесінде қолданбалы химия бағыты бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу туралы келісімдерге қол қойылып, бірлескен ғылыми жобалар мен серіктес университеттердің зертханаларында ғалымдардың жұмысын ұйымдастыру жөнінде уағдаластықтар жасалды.
«Біздің университет аймақтағы жоғары білім және ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың жетекші орталығына айналуды көздейді. Чирчиктегі филиалды дамыту – бұл тек Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру байланыстарын нығайту қадамы ғана емес, сонымен қатар елдеріміздің ғылымы мен инновациясын дамытуға үлес қосатын жоғары білікті мамандарды даярлау мүмкіндігі. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтіп, Өзбекстан Республикасындағы ғылыми ұйымдар мен индустриялық серіктестер үшін ғылыми-білім беру қызметтерін экспорттау арқылы дамытуға ниеттіміз», – деп атап өтті Дархан Ахмед-Заки.