Жылыой ауданы су тасқыны қаупі жоғары аймақта орналасқан, әсіресе көктем мезгілінде. Негізгі қауіп көзі – ұзындығы 212 шақырымды құрайтын Жем өзені. Осыған байланысты Құлсары қаласы мен өзен жағалауы бойында жалпы ұзындығы 65 шақырымды қамтитын қорғаныс бөгеттері тұрғызылуда. Бұл жұмыстарға 136 арнайы техника тартылған. Қазіргі таңда тереңдетілген өзен арнасы арқылы су өткізу шаралары жалғасуда. Жағдайды тұрақты бақылау мақсатында Құлсары қаласында күнделікті мониторинг жүргізілуде. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қазіргі уақытта қаладағы ахуал тұрақты.
Су басу қаупі бар аймақтар қатарында Құлсарыдан бөлек, Жем және Қараарна ауылдық округтері де бар. Қанат Бозымбаев Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдарында жүргізіліп жатқан жағалауды бекіту жұмыстарымен танысып, Жем өзені мен Құрсай каналы бойындағы нығайту шараларын тексерді. Жалпы ұзындығы 95 шақырымды қамтитын (Жем – 48,9 км, Күрсай – 46,1 км) өзен арналарын тереңдету жұмыстары толығымен аяқталды.
Жылыой ауданында 255 арнайы техника жұмылдырылған. Су тасқыны жағдайын бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік бекеттері ұйымдастырылған. Сонымен қатар, қосымша күш ретінде Маңғыстау облыстық ТЖД, Қорғаныс министрлігінің Атырау және Ақтөбе облыстарындағы әскери бөлімдері мен Атырау облыстық полиция департаментінің мамандары тартылды.
Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Миялы және Ойыл аудандарындағы су тасқынына қарсы шараларды да тексерді. Ойыл өзенінің арнасын тазалау және тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Вице-премьер сондай-ақ Қызылқоға ауданына барып, Сағыз ауылындағы жағалауды бекіту шараларын бақылады. Бұл өңір арқылы Ноғайты, Ойыл және Сағыз өзендері өтетіндіктен, көктемгі тасқын кезінде қауіп жоғары болады. Осыған орай 54 шақырым бөгет нығайтылып, 8 шақырым өзен арналары тазартылып, тереңдетілді.
Облыс әкімдігіне су тасқыны қаупін жою және алдын алу шараларын толық аяқтау, жағдай тұрақталғанға дейін тәулік бойы жұмыс істеуді жалғастыру, сондай-ақ тұрғындарды күн сайын ағымдағы ахуалдан хабардар етіп отыру тапсырылды.