Наурыз мейрамы аясындағы салтанатты шаралар үш негізгі алаңда өтті: 21 наурызда — Визит-орталығы мен Қазақстандық Лапландияда, ал 22 наурызда — Бурабай кентінің орталық алаңында. Қонақтарды ұлттық тағамдармен, концерттік бағдарламалармен және дәстүрлі ойын-сауықтармен қарсы алды.
Ең танымал демалыс орындарының қатарында Абылай хан алаңы, Визит-орталықтағы хайуанаттар бағы, Мультимедиялық интерактивті кешен және марал өсіру шаруашылығы болды.
Көктем – Бурабайдың ерекше сұлулығын тамашалауға таптырмас мезгіл. Бұл кезеңде табиғат оянып, ауа тазарып, туристік бағыттар әлі адамға толы болмайды. Демек, дәл қазір – көл жағасында серуендеп, пикник ұйымдастырып, курорттың тұмса табиғатын тамашалау үшін ең қолайлы уақыт.
Айта кетейік, 2024 жылы «Бурабай» ұлттық паркіне 1 миллионнан астам турист келген. Бұл оның елдегі басты демалыс аймақтарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.