Театр – адамның жан дүниесін бейнелейтін, ой мен сезімді тоғыстыратын, өмірдің сан қырын сахнада шебер жеткізетін өнер. Ол қоғамның мәдени дамуына айтарлықтай ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтай барысында театр өнерінің Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бүгінде театрға деген қызығушылық артып, қойылымдардың билеттері бірнеше апта бұрын сатылып кетеді. Әсіресе, жастардың театрға көптеп келуі қуантарлық жайт.
Қазіргі таңда Қазақстанда 70 театр жұмыс істейді, олардың 57-сі мемлекеттік. Олардың ішінде 11-і республикалық, 46-сы өңірлік театрлар. Соңғы төрт жылда елімізде бес жаңа мемлекеттік театр ашылды, бұл отандық сахна өнеріне деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстандық театрлар көрермендерін тың қойылымдармен қуантып қана қоймай, халықаралық деңгейде де танылып келеді. 2024 жылы елімізде 396 гастрольдік сапар ұйымдастырылды, оның 350-і ел ішінде, ал 46-сы шетелде өтті.
Отандық театрларда 9 мыңға жуық маман қызмет етеді, оның 4 200-і – шығармашылық ұжым өкілдері. Бір жылдың ішінде Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылымды сахналаған, оның ішінде 107 спектакль отандық авторлардың туындылары негізінде қойылған.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева театр қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, сахна өнерінің барлық саласында еңбек етіп жүрген жандарға алғыс білдірді. Ол театрдың мәңгі жасай беретінін, оның өміршеңдігі көрерменнің қолдауына тікелей байланысты екенін атап өтті.
"Өнердің қасиетті ордасы – театр мәңгі жасасын! Дүниежүзілік театр күні құтты болсын!" – деп түйіндеді министр өз құттықтауын.