«Рамазан айында мың айдан артық бір түн бар. Кім оның жақсылығынан мақұрым қалған болса, шын мәнісінде (көп нәрседен) мақұрым қалғаны».
Енді осы берекелі түннің сауабынан мақұрым қалмау үшін не істеген дұрыс, қалай өткізген абзал? Бұл түні жасалуы тиіс сауапты істерді былайша тізбектеуге болады:
1. Намаз оқу: тәһәджүд намазын, қаза намаздарын, түрлі нәпіл намаздарды оқыған дұрыс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім қадір түнінің қасиетіне сеніп, ондағы сауабына кенелемін деген мақсатпен намаз оқыса, онда оның өткен күнәлары кешіріледі», - деген
2. Құран оқу.
3. Алладан кешірім тілеп, Одан дүние-ақыретімізге пайдасы тиер нәрселерді сұрау.
Айша (р.а.) анамыз Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Егер Қадір түніне дәл түссем, онда қандай дұға айтайын», - деп сұрайды. Оған (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мына дұғаны оқы: «Аллаһуммә иннәкә ғафуун тухиббул ғафуә, фағфу ғанни»,- деп жауап береді. Мағынасы: «Уә, Жаратушым! Шынында сен кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөр».
Атақты әрі беделді хадисші Суфуанус Сәури өзінің бір сөзінде:
«Бұл түні дұға етіп, Алладан кешірім сұрап, тілек тілеу – мен үшін намаз оқудан қайырлы. Егер Құран оқып, артынша дұға етіп отырса тіптен жақсы», – деген. Себебі, бұл түн - көптеп, Аллаға дұға етіп, кешірім тілеу түні.
4. Дұғамыздың арасында: Елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, иман тілеуді де ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, әлемнің түкпір-түкпірінде жәбір көріп жатқан мұсылман бауырларымызға Алладан жәрдем сұрайық.
5. Пікірлеу. Алланың ұлықтығы, Исламның ұлықтығы, Құранның ұлықтығына ой жүгірту. Айтылған уағыз-насихаттарды көкейге түю.
6. «Субханаллаһи уә бихамдиһи, субханаллахил Ғазим», «Астағфирулла», «әлхамдулилла», «Аллаһу әкбәр», «Лә иләһә иллаллаһ» сынды зікірлерді көбірек айту.
7.Садақа беру.
Міне, осындай сауапты амалдарды орындай отырып, 83 жылдық сауапты бір түнде қоржынымызға жинап алуға мүмкіндік бар.