Бұл пилотсыз аппараттардың Батыс Қазақстан облысының аумағында шекараны кесіп өткен екінші жағдайы. Бұл жолы дрон алдыңғысына қарағанда үлкенірек – шамамен үш метр. Алайда, полиция осы уақытқа дейін құлаған аппарат туралы ешқандай ақпарат берген жоқ.
Жедел ақпараттан:
«18.03 сағат 17:35-те Тасқала ауданының полиция бөліміне Атамекен кентінің тұрғындарынан (Тасқала кентінен солтүстікке қарай 60 км қашықтықта орналасқан) белгісіз объектінің (болжам бойынша құлаған ұшқышсыз ұшу аппараты) табылғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Нысанның ұзындығы – 300 см. Тасқала ОКП полиция қызметкерлері табылған жерге барды. Сондай-ақ, аудан орталығынан Тасқала аудандық әкімдігі мен ТЖ қызметкерлері қосымша шықты».
Құлаған дронға байланысты Орал қаласынан полиция департаментінің саперлері жөнелтілді.
18 ақпанда БҚО Бөкей ордасы ауданының Ұялы кентінде жергілікті тұрғындар белгісіз ұшу аппаратын тапқан болатын. Оның мөлшері 170 см деп анықталды. Дизайн мен жабдықтың тән ерекшеліктері ресейлік «Орлан-10» дронына сәйкес келеді.
Батыс Қазақстан облысының полициясы осы уақытқа дейін нақты ақпарат берген жоқ. Іс ҚР Қылмыстық кодексінің 399-бабы бойынша («Ақпаратты жасырын алу үшін арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, сатып алу немесе пайдалану») қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, – деп хабарлады полиция журналистерге.