Министрдің айтуынша, TikTok жасөспірімдер үшін қауіпсіз онлайн кеңістік құруға және ата-аналарға балаларының TikTok-тағы белсенділігін бақылауға көмектесетін қосымша мүмкіндіктер енгізбек. "Отбасылық баптаулар" бөлімінде ата-аналарға балалардың қосымшаға қолжетімділігін белгілі бір уақыт аралығында шектеуге мүмкіндік беретін жаңа функция пайда болады. Сонымен қатар, платформа кешкі сағат 22.00-ден кейін TikTok-ты пайдаланатын жасөспірімдердің назарын аударып, тынығуына көмектесетін жаңа мүмкіндікті іске қосуды көздеп отыр, деп хабарлады министр.
TikTok-тың жаңа мүмкіндіктері қандай?
TikTok-тағы ата-аналардың бақылау жүйесінің бір бөлігі саналатын “Отбасылық баптаулар" функциясы бұған дейін бірнеше рет жаңартылған. Министрдің сөзінше, платформа ата-аналар мен сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, жаңа мүмкіндіктерді үнемі жетілдіріп келеді. Соның нәтижесінде TikTok "Демалыс" атты жаңа функцияны іске қоспақ. Бұл мүмкіндік қосымшаны белгілі бір уақытқа бұғаттауға жағдай жасайды.
"Жаңа функция арқылы ата-аналар:
- Балаларына TikTok-қа кіру уақытын шектеу мүмкіндігін алады (мысалы, оқу кезінде немесе түнгі уақытта);
- Цифрлық детокс үшін қайталанатын кесте орната алады;
- Шектеу қойылған уақыт аралығында жасөспірімнің TikTok-ты қолдану сұранысын қабылдай алады", – деп түсіндірді министр.
Бұдан бөлек, жаңа функция ата-аналарға балаларының аккаунттары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Министрдің мәліметінше, енді ата-аналар:
- Балаларының TikTok-та кімдерді бақылап отырғанын және аккаунттарына кімдердің жазылғанын көре алады;
- Балаларының қандай қолданушыларды бұғаттағанын біле алады.
"Тіпті ата-аналардың бақылауы қосылмаған жағдайда да, алдағы айларда TikTok жасөспірімдерге қауымдастық ережелеріне сәйкес келмейтін контент туралы ата-аналарына хабарлау мүмкіндігін қосуды жоспарлап отыр", деп толықтырды министр.