Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

22 наурыз ұлыстың ұлы күніне арналған өлеңдер

Ұлыстың ұлы күні 22 наурыз мерекесіне санаулы күндер қалды. Осы орайда Әз-Наурыз мерекесіне арналған өлеңдерді назарға ұсынамыз,- деп хабарлайды newsroom.kz

22 наурыз ұлыстың ұлы күніне арналған өлеңдер

22 Наурыз - Наурыз мейрамы

Ұлы күнде тауып мезгіл бір ретін,
Атқарғандай қасиетті міндетін.
Жаратылыс нұрын бөліп Жаратқан,
Жылына бір теңелген сәт Күн мен Түн.

Жан байытып жұрттың жылы лебізі,
Ізгі жолда сайрап жатты ел ізі.
Орындадық нақыштарын Наурыздың,
Салт-дәстүрге бай ұлтпыз ғой, негізі.

Аққа тиіп ағайынның ауызы,
Артты бір күн Наурыз көже маңызы...
Бойындағы нәрін берген аямай,
Табиғаттың адамға жоқ қарызы!

Асыл жандар қысқы сүрден ас қамдар,
Бел алады берекелі бастаулар.
Жақсылықтар жиынтығы әз-Наурыз,
Жамандықты өткен жылға тастаңдар!

Күн-ернімен аспан жерді сүйеді,
Кемсеңдейді бұлт-сақалды иегі…
Жанды-жансыз құбылысты қамтыған,
Мерекелік ұғым – түгел киелі!

Наурыз сыйы тыныштық 

Жадырап күннің жанары,
Бетті өпсе жылы самалы.
Сай-сайға ақса жылғалар,
Бұл Наурыз хабары.

Ашылып аспан шүмегі,
Жауынмен құм да түледі.
Көкмайса жұмсақ құлпырған,
Бұл Наурыз кілемі.

Бусанып тарғыл атырап,
Нәрленіп торғын топырақ.
Жауқазын өссе күнеске,
Бұл Наурыз – жапырақ.

Көз тігіп Күнге барлығы,
Бүршігін жарса әр гүлі.
Халыққа бақыт тілеген,
Бұл Наурыздың жарлығы.

Бөктіріп көктем жаңбыры,
Тіріліп шөптің тамыры.
Бүрленсе жусан бұрқырап,
Бұл Наурыздың таң нұры.

22 наурыз

Кел, Наурызым! 

Кел, наурызым, шық төріме думандат,
Жұрт қарасын бейнетіңе қайран қап.
Табиғаттың тұмса шағы тамсантып,
Халқым да бір жадырасын сайрандап.

Кел, наурызым, самалыңмен еркелет,
Қырға шығар, жамағатты жетелет.
Бала біткен болып жүр ғой мәз-мәйрам,
Наурыз келген, көктем келген екен деп.

Кел, наурызым, берекелі жыл басым,
Мәңгілікке замананың құрдасы.
Жылда мені қуанышқа бөлейсің,
Ғасырлардың және менің сырласым.

Кел, наурызым, бұла күшім, балғыным,
Сен келгенде қашар менен қайғы-мұң.
Құдіретің бар жаңғыратын ғаламда,
Сондықтан да асқақ сенің айбының.

Наурыз әуені

Ерте көктем күн нұры,
Еркін бұлақ сыңғыры,
Еміреніп Жер ана
Еркелейді қыр гүлі.

Қозы толып көгенге,
Уыз сүтке кенелген
Шаруа қожа ыңылдап
Қосылады өлеңге.

Ойы алаң ананың-
Оқудағы баланың
Нәуірзек құс сыңғырлап,
Жеткізгендей хабарын.

Әлденені сезе ме,
Бала шықты төбеге-
Жақсы көрер апайы,
Құшақ жайып келе ме?

Көктен аққан ырыс па-
Су тамшылар ыдысқа.
Жамау дәліз тағы да
Шыдап шықты бір қысқа.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату