2000-жылдардың басында «Хабар» телеарнасында көрсетілген «Азамат» интеллектуалды бағдарламасы тұтас бір буынның есінде қалды. Бұл жоба көшбасшыларды тәрбиелейтін, студенттердің шешендік өнерін шыңдап, сыни ойлау қабілетін дамытуға және өз көзқарасын дәлелді қорғауға үйрететін маңызды алаңға айналды. Дәл осы бағдарламадан шыққан түлектер қазіргі таңда мемлекеттік қызметте, білім беру және кәсіпкерлік салаларында ел дамуына үлес қосып жүр.
15 жылдан кейін «Азамат» телебағдарламасы жаңартылған форматта көрерменге қайта ұсынылып отыр.Қазақстанның 100 жоғары оқу орнының арасынан пікірсайыс клубтары белсенді жұмыс істейтін 32 университет іріктеліп алынды.
Айта кетелік, жаңартылған «Азамат» бағдарламасының алғашқы шығарылымы Наурыз мерекесі қарсаңында «Хабар» телеарнасынан эфирге шығады. Бұл – студенттерге өз қабілеттерін танытып, аналитикалық және шешендік өнерлерін паш етуге берілген бірегей мүмкіндік.