АҚШ-тың Иммиграция және кеден қызметінің (ICE) мәліметінше, 2024 жылдың 24 қарашасындағы жағдай бойынша депортациялау тізімінде 369 қазақстандық бар. Бұл туралы Newsroom.kz тілшісі хабарлайды.
Сенат отырысында журналистер вице-министр Әлібек Бақаевтан олардың елге оралу жағдайын сұрады.
«Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та заңсыз жүрген Қазақстан азаматтарына олардың АҚШ-та заңсыз жүргендерін және Америка Құрама Штаттары кез-келген уақытта оларға шара қолдана алатынын алдын-ала ескерткен болатынбыз», - деді Бақаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың шекара қауіпсіздігін нығайту мақсатында және заңсыз көші-қонды азайтуға бағытталған көші-қон саясатының қатаңдатылуына байланысты Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мәлімдеме жасаған болатын.