Премьер-Министр өз баяндамасында Қазақстанның өз өндірісін дамытуға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, мұнай-химия және көмір-химия салаларында ауқымды жобалардың іске қосылатынын хабарлады.
Алматы облысында атом электр станциясының құрылысына арналған құжаттар жақын арада қол қойылмақ. Сондай-ақ, Абай облысында құны 1 миллиард долларды құрайтын мыс балқыту зауыты салынады. Елде тақтатас мұнайын өндіру жұмыстары да басталады. Сонымен бірге, «Батыс Прорва» және «Бархан» кен орындарында газ өндірісі қолға алынбақ.
Премьер-Министрдің айтуынша, мемлекеттік аппараттың шығындарын 410 миллиард теңгеге қысқартуға қол жеткізілген. Бұл үшін цифрлық құралдар енгізілуде.
Сонымен қатар, Үкімет ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажеттігін айтты.
«Қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру қажет, сонымен қатар әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы аударымдарын төмендету керек. Бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың қажетті қаржылық қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Премьер-Министр.