2025 жылғы 13 қаңтарда Чикаго қаласында Нархоз университеті мен Illinois Institute of Technology арасында институционалдық серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
«Illinois Institute of Technology-мен қос дипломдық бағдарлама – қазақстандық студенттерге халықаралық стандарттарға сай білім алуға, қажетті дағдыларды үйренуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Нархоз университеті IT-tech индустриясында жаһандық мансапқа және елдегі осы саланың дамуына жол ашатын бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Бұл серіктестік университеттің халықаралық білім беру алаңындағы жоғары беделін көрсетеді. Нархоздың халықаралық дәрежеде мойындалуы жаһандық рейтингтер мен аккредитациялар нәтижелерімен де расталады», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ынтымақтастық аясында қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады, ол қазақстандық және америкалық жоғары оқу орындарының IT мамандықтары бойынша бакалавр дәрежесіндегі екі диплом алуын көздейді. Бағдарлама 4+0 форматында болады, яғни студенттер толық оқу циклін (төрт жыл) Қазақстанда Нархоз университетінде өтіп, оқу аяқталған соң екі диплом алады. Сонымен қатар студенттер қалаған жағдайда Illinois Institute of Technology-де бір айдан бір жылға дейін білім ала алады. Бұл жағдайда оқыту 3+1 форматында өтеді.
«Қазақстан мен АҚШ университеттерінің, соның ішінде Penn State, University of Arizona, University of Minnesota секілді алдыңғы қатарлы оқу орындарының серіктестігі қос диплом бағдарламалары арқылы қазақстандық мамандарды халықаралық стандарттар бойынша даярлауды күшейтеді. Бүгін Нархоз университеті IT-кадрларды даярлау бойынша Illinois Institute of Technology-мен институционалдық келісім жасады. Бұл қазақстандықтарға әлемдік деңгейдегі білім алуға жаңа мүмкіндіктер ашады. АҚШ-тағы Қазақстан елшілігі осындай бағдарламаларды жүзеге асыруда тұрақты түрде қолдау көрсетіп отырады», – деді АҚШ-тағы Қазақстан елшісі Ержан Ашықбаев.
Бағдарлама Computer Engineering және Digital Technologies саласындағы мамандарды ағылшын тілінде даярлауға бағытталған. Сондай-ақ Optional Practical Training арқылы студенттерге АҚШ-та қосымша үш жылдық тәжірибе алу мүмкіндігі қарастырылған.
«Нархоз университеті IT-мамандарын даярлауда жаһандық деңгейге шығып жатыр. Біз цифрлық технологиялар мектебі үшін серіктестікті мұқият таңдадық, және Illinois Institute of Technology белгіленген жоспарларды жүзеге асыру үшін тамаша таңдау. Ортақ бағдарлама студенттерге жаһандық дағдылар беріп, халықаралық аренада жаңа мансаптық мүмкіндіктер ашады», – деді Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет.
Illinois Institute of Technology делегациясының Қазақстанға сапары 2025 жылғы наурыз айына жоспарланған. Жаңа қос диплом бағдарламасы бойынша студенттерді оқыту 2025 жылғы қыркүйек айынан басталады.
Illinois Tech – STEM саласында жоғары сапалы білім берумен және түлектердің мансаптық мүмкіндіктерін қолдаумен танымал беделді университет. Екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығы – IT-мамандарын халықаралық стандарттарға сай даярлауды жаңа деңгейге көтеруге бағытталған Narxoz Global-2030 стратегиялық бастамасының бір бөлігі. Бұл стратегия әлемдік жетекші университеттермен тұрақты байланыстар орнатуды көздейді. Бұған Нархоздың Queen's University Belfast, Penn State University және басқа да университеттермен серіктестігі мысал бола алады.