Қызылорда қаласында 600 орындық жаңа «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңес төрағасы, мәслихат депутаттары және қала тұрғындары қатысты. Бұл білім нысаны Ел Президентінің тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан іргелі істердің бірі болды. Құны 4,7 млрд теңгені құрайтын білім ошағы өңірдегі үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге және бейімделген ғимараттарда жұмыс істеп келген мектептерді заманауи білім беру стандартына жеткізуге ықпал етпек.
Ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы жаңа мектептің Қызылорданың білім саласындағы ілкімді бастама екенін атап өтіп, жергілікті жұртшылықты қуанышты күнмен құттықтады. Оның айтуынша, соңғы жылдары облыс бойынша білім беру нысандарын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп, мемлекеттік инвестиция мен демеушілердің қолдауы есебінен жаңа ғимараттар бой көтеруде. Биыл өңірдегі білім саласына 308 млрд 134 млн теңге бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,9 пайызға артық көрсеткішті көрсетеді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты жағдайда тұрған немесе бейімделген ғимараттарда орналасқан мектептер мәселесін шешу ісі біртіндеп жүзеге асып келеді.
Жаңа мектеп – заман талабына сай барлық қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған, оқушыларға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасайтын еңселі білім ордасы. Бұл білім ошағы – «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының үйлестіруімен қолға алынып, құрылысы белгіленген мерзімде аяқталды. Мектеп ашылғанға дейін №197 орта мектептің оқушылары қаладағы басқа білім беру мекемелерінде оқуға мәжбүр болған еді. Ендігі жерде балалар бұрынғыдай бірнеше мектепте бөлініп оқымай, барлығы бір жерде, жаңаша үлгідегі кең әрі жайлы ғимаратта бір үйдің баласындай білім алады.
Салтанатты шара барысында облысқа еңбегі сіңген ардагер ұстаздар мен қоғам қайраткерлері құттықтау сөз сөйлеп, ел болашағы – жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуына зор үміт артты. Мектеп ауласына жиналған ата-аналар мен оқушылар да айтулы күннің қуанышын бөлісіп, жаңа нысанның игілігі мен пайдасын тілге тиек етті. Қала үшін ғана емес, бүкіл облысқа ортақ мақтаныш саналатын оқу ордасы болашақта білімді, бәсекеге қабілетті түлектердің ордасына айналмақ. Осылайша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тағы бір жемісі ретінде жаңа білім беру нысаны өз есігін айқара ашты.