Атырау облысында осындай оқиға тіркелді. Білім басқармасының дерегінше, мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Құрылыс толық аяқталғанша жобаның жауапты әкімшісі – облыстық құрылыс басқармасы.
Жергілікті тұрғындар жағдайды қызу талқылап отыр. Көпшілігі: «Оқиға балалар кірмей тұрып болғаны жақсы. Бірақ мектеп әлі пайдалануға берілмей жатып шатырдың шыдас бермегені алаңдатады. Біз баламыздың қауіпсіз мектепте оқығанын қалаймыз» – дейді.
Samruk-Kazyna Construction (жобаның бірыңғай операторы) алдын ала себебін атады.
«Алдын ала дерекке сәйкес, апатқа құрылыс материалдарын дұрыс сақтамау себеп болған. Мердігер спорт залдың шатырына, шектеулі аумаққа, алты тоннадан астам ауыр шатыр жабдықтарын қойып, соның салдарынан конструкция ішінара зақымданған», – делінген компания хабарламасында.
Құрылысты «Turan Ascent» ЖШС жүргізіп жатыр. Нысанды 2025 жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Қазір басшылықтың, техникалық және авторлық қадағалаудың қатысуымен комиссия құрылды. Сонымен бірге, ғимараттың көтергіш қабілеті мен жобалық шешімдерге сәйкестігін тексеру үшін арнайы ұйым тартылған.
«Қорытынды шешім сараптамадан кейін белгілі болады. Анықталған барлық кемшілікті мердігер жоюға міндетті», – деді Samruk-Kazyna Construction өкілдері.