Оның алыста, жат жұртта өмірден өткендігі туралы суық хабар қабырғамызды қайыстырып отыр.
Белгілі жазушы, журналист Бақытжан Жұмағұлов:
— Мұхтар Мағауин – қазақ әдебиетінің ғана емес, күллі түркі жұртының рухани байлығына өлшеусіз үлес қосқан алып тұлға. Оның зерттеулері, тарихи романдары және шығармашылық мұрасы біздің ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлшегі болып қала береді. Оның есімі – мәңгілік, — деп атап өтті.
Мұхтар Мағауиннің қазақ әдебиетіне, руханиятына және әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі теңдессіз. Әдебиет тарихын бес ғасырға тереңдете зерттеп, «Қобыз сарыны» еңбегі арқылы ол түркілік руханият әлеміне олжа салды. Оның қаламынан туған тарихи романдар күллі әлем оқырмандарына танымал болды.
Жиырмасыншы ғасыр алыптарының қатарынан ойып орын алған Мұхтар Мағауин ұлтымыздың заңғар тұлғасы, әдебиет пен ғылымның асқар шыңы еді.
Бақытжан Жұмағұлов:
— Алты алаштың ардақтысы болған Мұхтар ағамыздың өмірден өткені – қазақ руханияты үшін орны толмас қайғы. Алла алдынан жарылқасын! Жаны жәннаттың төрінде болсын! Оның қаламынан қалған құнды мұра туған елінің төрінде мәңгілік тұратын болады. Туған халқына сабыр мен қуат тілеймін! — деп, көңіл айтты.
Қазақ жұрты үшін Мұхтар Мағауин есімі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани асыл мұра. Оның еңбектері мен идеялары халқымыздың мәңгілік рухани байлығы болып қала бермек.
Редакция атынан Мұхтар Мағауиннің отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!