Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
29 желтоқсан, 2024 / Ераман Талапқанұлы / Sportroom

Криштиану Роналду: тарихтағы ең үздік шабуылшы және Globe Soccer Awards 2024 жұлдызы

2024 жылғы 27 желтоқсанда Дубайда Globe Soccer Awards марапаттау рәсімі өтті. Әлем футболының көптеген танымал тұлғалары қатысқан бұл шараның басты жұлдызы Криштиану Роналду болды. Ол екі беделді сыйлыққа ие болды: «Барлық уақыттағы ең үздік сұрмерген» және «Таяу Шығыстың үздік ойыншысы»

Криштиану Роналду: тарихтағы ең үздік шабуылшы және Globe Soccer Awards 2024 жұлдызы
globesoccer.com

Сыйлық алғаннан кейін Роналду алғысын білдіріп, әсерлерімен бөлісті:

"Бұл трофейді алу – мен үшін үлкен қуаныш. Ол басқа трофейлерден ерекше – көміртекті материалдан жасалған. Бұл өте жақсы идея, және оны бірінші болып алғаныма мақтанамын. Маған бұл шарада болу қатты ұнайды: мұнда чемпиондар, жеңімпаздар, жаңа және ескі буын өкілдері жиналған. Тарихтағы ең нәтижелі шабуылшы ретінде осындай марапатқа ие болу – тамаша жетістік. Бұл мені әрі қарай жұмыс істеуге, ойнауға және гол соғуға ынталандырады. Мен мұнда өзімнің отбасымның қолдауымен келдім – әйелім мен балаларым осында, Дубайда, менімен бірге. Олар менің басты тірегім."

Роналду алдағы жоспарларымен де бөлісті:

"Жақында мен 40 жасқа толамын, бірақ тоқтауды ойлап отырған жоқпын. Әлі де көптеген трофейлерді жеңіп алып, көбірек гол соғуды армандаймын. Ұлттық құрамамен де жетістіктерге жеткім келеді. Фанаттарға алғысымды білдіремін – олар әрқашан мені қолдайды. Біз алға жылжуды жалғастырамыз, себебі мен тоқтағым келмейді."

Роналду сұхбат барысында футбол әлеміндегі соңғы оқиғаларға да тоқталып, «Манчестер Сити» мен «Реал Мадрид» клубтарының жағдайына баға берді:

"Кез келген команда қиын кезеңдерді бастан кешіреді. Қазір «Сити» осындай кезеңде, бірақ мен олардың бұл қиындықты еңсеретініне сенімдімін. Сол сияқты «Реал Мадрид» туралы да айтуға болады. Көпшілік олардың маусымы сәтсіз деп есептейді, бірақ бұл олай емес – олар «Барселонадан» тек екі ұпайға қалып келеді. «Реалды» ешқашан елемеуге болмайды. Егер Чемпиондар Лигасының фаворитін таңдау керек болса, мен «Реал Мадридті» таңдар едім – олардың тарихы мен «Сантьяго Бернабеудағы» атмосферасы бәрін дәлелдейді."

Роналдудан «Манчестер Сити» ойыншыларына қандай кеңес беретінін сұрағанда, ол былай деп жауап берді:

"Сөзден гөрі әрекет маңызды. Мен негізгі ойыншылардың біразымен жеке сөйлесіп, өз пікірімді айтқан болар едім. Кейде кейбір нәрселерді жұрт алдында айтудың қажеті жоқ. Бірақ мен «Сити» өзінің бұрынғы деңгейіне қайта оралатынына сенімдімін. Олардың керемет жаттықтырушысы бар – Гвардиола мәселенің қайдан туындағанын жақсы біледі."

Криштиану Роналду қайсарлық пен кәсібиліктің символы болып қала береді. Жасы ұлғайып келе жатқанына қарамастан, ол жаңа белестерді бағындыруға деген ұмтылысын жоғалтқан жоқ. Globe Soccer Awards 2024 рәсімі оның футбол әлеміне қосқан ерекше үлесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату