Полиция ақпаратынша, Талғар аумағында 30 жастағы ер адамның денесі табылған.
"Ақпараттарға сәйкес, ол өз өзіне қол салған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысында криминалдық сипаттағы қандай да бір іс-әрекеттер анықталмады", - делінген хабарда.
Полиция мәліметінше, марқұм Шерзат Болаттың отбасы полиция күзетінде болған.
"Осы уақытқа дейін отбасына қандай да бір қоқан-лоқы жасау дерегі тіркелмеді. Күзет қызметіндегі қызметкерлердің түсініктемесі бойынша ер адам күзетілетін нысаннан сағат 23:30-да шығып, жеке көлігімен кетіп қалған. Тергеу мүддесіне сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды", - делінген хабарда.
Бұл ретте полиция өкілдері қосымша ақпараттар берілетінін айтып, азаматтарды тек ресми дереккөздерге сенуге шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.